Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау басталды
Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау басталды.
Вакцинациялау жатыр мойны обырының алдын алу үшін жүргізіледі. Қатерлі ісік құрылымында жатыр мойны обыры 5-ші орында. Globocan мәліметтері бойынша, 2022 жылы жатыр мойны обырының 600 мыңнан астам жаңа жағдайы және осы патологиядан 300 мыңнан астам өлім тіркелген. ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Басқармасының төрағасы Диляра Қайдарова осындай деректерді келтірді. Оның айтуынша, Қазақстанда жатыр мойны обыры екінші орында тұр.
«Қазір Қазақстанда аталған ауруға шалдығудың 2100-ден астам жаңа жағдай тіркелуде. Бұл аурудан жыл сайын 600-ге жуық өлім тіркеледі. 2024 жылдың 8 айында Қазақстанда жатыр мойны обырынан 305 әйел қайтыс болды», - деді медицина ғылымдарының докторы.
Оның сөзінше, вакцинациялау 150-ден астам елде жүргізілуде. Егу әйел ағзасын өмір бойы АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді. Вакцина ерте жаста, қыздың иммундық жүйесі қалыптасып жатқан кезде жасалады.
«Бұл екпе ата-аналардың рұқсатымен ерікті түрде жүргізіледі. 11 жастан 13 жасқа дейін. Ата-аналар аурудың байқалмай жұғатынын білуі керек деп ойлаймын», - деді спикер.