Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі шектелуі мүмкін
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкіметтің сәрсенбі, 21 қаңтардағы отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірлеген. Құжаттарда 16 жасқа толмаған азаматтардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу нормасы көзделген.
«Заң жобалары сараптамалық бағалаудан өтті және қоғамдық талқылауға шығарылды. Оларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын белгілеу жоспарланып отыр», - деді Аида Балаева.
Вице-премьер сонымен қатар халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар салалық журналистиканы дамыту жөніндегі комиссия және өзге де механизмдер арқылы жүргізіліп жатыр.
«Бұдан бөлек, заңнамалық деңгейде онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы жарнамалық кірістерді бөлу мәселесін реттеу, сондай-ақ жекелеген тауарлар жарнамасына қойылған тыйымдарды ішінара алып тастау мүмкіндігі де қарастырылады», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттарының бірі Қазақстанда Roblox платформасына қолжетімділікті шектеу жөнінде ұсыныс айтқан болатын.