Қазақстанда 2030 жылға дейін су шығындарын 50%-дан 35%-ға дейін азайту жоспарлануда

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды МЭКС.
Отырыс Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған.
«2030 жылға дейін министрлік 14 мың км-ден астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су жоғалтуды 50%-дан 35%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкімен бірлескен жобаның бірінші кезеңі шеңберінде биыл 96 каналды реконструкциялау басталады», - деді ол.
Министр жоспарды табысты іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың Кешенді жоспарды орындауға белсенді қатысуы, сондай-ақ жобаның екінші траншына мемлекеттік кепілдік беру мәселесін пысықтау талап етілетінін атап өтті.
Жаңа Су кодексінде «ирригациялық кондоминиум» немесе ұжымдық басқару тетігі қарастырылған. Онда аграршылар шаруашылықішілік суару жүйелерін ұстауға, ал мемлекет магистральдық каналдар мен су қоймаларын пайдалануға жауапты.
2024 жылдан бастап фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнатуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 80%-ына дейін өтеу, суару суын нормадан артық пайдаланғаны үшін тарифті 20%-ға арттыру және тариф мөлшеріне қарай дифференциалды субсидиялау тетіктері енгізілді.
«2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру аясында су үнемдеу технологияларын енгізу кезіндегі инвестициялық шығындарды өтеуге 214,6 млрд теңге қарастырылған (2026 жылы 58,5 млрд, 2027 жылы 74,6 млрд және 2028 жылы 81,5 млрд)», - деді Нұржан Нұржігітов.
Өнеркәсіп саласында Су кодексіне сәйкес жеті жыл ішінде, оның алғашқы екі жылы – өтпелі кезең, ал қалған бес жылы – іске асыру кезеңі ретінде, айналымдық және қайталама сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу талабы белгіленген. Бұл шара 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 13,1%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.