Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:51, 24 Шілде 2024

Қазақстанда 253 мың ата-ана алимент төлемей жүр

у
Фото: pixabay

Қазақстанда 1 шілдедегі жағдайы бойынша, 253 мың ата-ананың 367 мың бала алдындағы борышы 19 млрд теңгеге жеткен.

Прокуратура мәліметінше, борышкерлер берешекті төлемеуді жұмыстың жоқтығымен ақтайды. Шынында да, олардың көпшілігі ресми түрде жұмыссыз және жұмысқа орналасу үшін шара қолданбайды.

Іс жүзінде, қазіргі заманғы табыс көздері, такси және жеткізу қызметтері (Яндекс, Wolt, Glovo, Indriver) борышкерлерге еңбек шарттарын жасамастан кіріс алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілер де (Facebook, Instagram, Twitter, TikTok және YouTube) жақсы табыс әкелуі мүмкін. Мысалы, оқырмандары көп аккаунт иелері жарнамадан ақша табады. Қаскөй борышкерлер балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында осындай табыстарын жасырып, ақшаны электрондық әмияндарда сақтайды, делінген хабарламада.

Қазір қызметтердің барлық салалары электронды төлем әдістеріне көшті. 2023 жылы Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 86,2%, транзақция көлемі 142,6 трлн теңгені құраған. Кірістер (ресми және ресми емес) карт-шоттарға түседі.

Астана прокуратурасы электрондық әмияндарда 350 млн теңгеден астам сомаға өз ақшаларын жасырған 170 қаскөй борышкерді анықтады. Алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша (ҚҚ-нің 139-бабы бойынша) 30 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, осыдан кейін 45 млн теңгеге берешек өтелді. Қылмыстық істердің нәтижелерімен 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары тағайындалды. 2 іс татуласуына байланысты тоқтатылды, тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, 1 іс соттың қарауында, дейді ведомства.

Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шараларымен 15,5 мың баланың құқықтары қорғалып, сот орындаушылары олардың пайдасына алимент бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қарызды өндірді.

Алимент төлеуден жалтарған 1,7 мың борышкер қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Тегтер: