Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:28

Қазақстанда 3 миллион долларлық есірткі тасымалының жолы кесілді

П
Фото: скриншот

Қазақстанда ірі көлемдегі есірткі жеткізу арнасы әшкереленді.

Жезқазған – Қарағанды тас жолында 300 келіден астам марихуана тасымалдаған бес адам ұсталды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, арнайы операцияны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері жүргізген. Күдіктілер Ұлытау облысындағы автожолда тоқтатылған.

Алдын ала дерек бойынша, ұсталғандар есірткі тасымалын сүйемелдеп, бағытты үйлестіру және «қорғау» қызметін атқарған.

Көлікті тексеру барысында тәртіп сақшылары 13 қапқа салынған марихуананы анықтап, тәркілеген. Тыйым салынған заттың жалпы салмағы 300 келіден асады.

Мамандардың алдын ала есебіне сәйкес, мұндай көлем шамамен бір миллион бір реттік дозаға тең. Қара нарықтағы құны 3 миллион доллар шамасында бағаланып отыр.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі есірткі өндіру мен таратуға қатысты кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді. Ведомство бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Сонымен қатар, бұған дейін Қарағандыда такси көлігінен үш келіге жуық психотроптық зат тәркіленіп, 34 жастағы ер адам ұсталғаны хабарланған.