Қазақстанда адам құқықтары бойынша шағымдар 45 пайызға артты
2025 жылы Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар саны айтарлықтай өскен.
Биыл азаматтар Артур Ластаев басқаратын Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына және оның өңірлік өкілдеріне 9,7 мыңнан астам өтініш жолдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға көп. Бұл туралы уәкілдің баспасөз қызметі хабарлады.
Астанада өткен жиында Артур Ластаев 2025 жылғы құқық қорғау институтының жұмыс қорытындыларын таныстырды. Ресми мәліметке сәйкес, азаматтардан түскен шағымдар саны соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Түскен арыз-шағымдарды қарау нәтижесінде:
-
71 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған,
-
5 адамға әкімшілік жаза қолданылған,
-
4 қылмыстық іс тіркелген.
Сонымен қатар, уәкіл аппараты тиісті мемлекеттік органдарға 150 ұсыным жолдаған.
2025 жылы адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өкілдері – 818 мекеме мен ұйымға мониторингтік сапар жасаған. Тексеру қорытындысы бойынша, 2 438 ұсыныс енгізілген, оның 2 029-ы орындалған.
Бұл тексерулер нәтижесінде – 329 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке, 76 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 қылмыстық іс тіркелген.
Жиын барысында өңірлік өкілдердің жұмысын жетілдіру, жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету тетіктерін күшейту мәселелері талқыланған.
Сарапшылардың пікірінше, шағымдар санының күрт өсуі бір жағынан қоғамдағы әлеуметтік және құқықтық проблемалардың тереңдігін көрсетсе, екінші жағынан азаматтардың өз құқықтарын қорғау жолындағы белсенділігінің артқанын аңғартады.