Қазақстанда балаға анасының ұлтын беруі мүмкін

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Қазақстанда енді баланың ұлтын анықтауда ата-анасының ұлтына қарамастан, анасы немесе қамқоршысы таңдау жасай алуы мүмкін. Бұған дейін бұл мүмкіндік шектеліп келген болатын.
"Бұл мәселені нақты ұсыныстарға сәйкес конституциялық сотпен бірлесе қарайтын боламыз. Мысалы, баланың ұлты әкесінің ұлты бойынша берілетін жағдайлар болды, және бұған қатысты мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланды. Қандас мәртебесін рәсімдеу кезінде бір қыз хабарласып, оның анасы қазақ екенін, сондықтан өзінің ұлтын қазақ ретінде көрсетуді сұраған. Сондықтан бұл мәселені конституциялық сотпен және мемлекеттік органдармен бірлесе қарастырамыз, себебі бұл ішкі істер министрлігінің құзыретіне жататын мәселе", - деді Жақыпова.
Министр анасының ұлтын баланың құжатында көрсету мүмкіндігі тек қандастарға ғана емес, барлық азаматтарға қолжетімді болуы ықтимал екенін айтты.
Конституциялық Сот кәмелетке толмаған баланың ата-анасы туралы мәлімет болмаған жағдайда да, оның ұлтын көрсетуге рұқсат беру қажеттігін мәлімдеді.
Мәселе соттың қарауына қамқорлығындағы баланың ұлтын құжатта көрсеткісі келген азаматтың өтініші негізінде түскен. Алайда баланың ата-анасы туралы ешбір дерек болмағандықтан, азаматтық хал актілерін тіркеу органы (АХАТ) ұлтын көрсетуге рұқсат етпеген. Соттар да «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 65-бабын негізге ала отырып, ата-анасының ұлты анықталмаған жағдайда баланың да ұлты көрсетілмейді деген шешім шығарған.
Алайда Конституциялық Сот бұл норма қазіргі құқықтық талаптарға сай емес екенін, мұндай жағдайларды қарастырмайтынын және баланың өзін-өзі сәйкестендіру құқығын шектейтінін мойындады. Осыған байланысты бұл мәселе бойынша заңнамалық өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Министрдің айтуынша, ұлтын таңдау құқығы болашақта тек шетелден оралған қандастарға ғана емес, Қазақстанның барлық азаматтарына берілуі ықтимал. Бұл қадам — адамның этностық сәйкестігін заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік беретін маңызды бастама болмақ.