Қазақстанда банктер туралы жаңа заң қабылданды
Қазақстан Республикасының Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерді ескере отырып, «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын және өзгерістерді қабылдады.
25 желтоқсанда аталған заң жобасы Сенат қабырғасында бірінші оқылымда қаралған болатын. Талқылау барысында депутат Амангелді Нұғманов банктерге қойылатын тым қатаң талаптар несиелердің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін екенін айтқан.
Оның пікірінше, реттеуді шамадан тыс қатаңдату:
-
несие ресурстарына қолжетімділікті азайтып,
-
инвестициялық белсенділікті әлсіретіп,
-
экономиканың нақты секторына бағытталған қаржы ағындарының қысқаруына әкелуі ықтимал.
Сенатордың айтуынша, бірқатар маңызды мәселелер бойынша сарапшылар мен мемлекеттік органдардың жауаптары нақты болмаған. Сондықтан банктерге бақылауды күшейту олардың тұрақты жұмысына және экономиканың дамуына кедергі келтірмейтіндей етіп заңды жетілдіру қажет.
Бұған дейін Маулен Әшімбаев Сенаттың негізгі комитеті заңның кейбір баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда қайта қарау үшін Мәжіліске қайтаруды ұсынғанын хабарлаған еді. Түзетулер кестесінде 16 өзгеріс көрсетілген.
Айта кетейік, банктер туралы жаңа заң жобасы банктерді лицензиялау рәсімін жеңілдетуді көздейді.
Мәжіліс қандай шешім қабылдады?
Мәжілістің комитеті Сенаттың өзгерістерімен келісті. Бұл өзгерістер банк секторын реттеудің бірқатар маңызды мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда:
-
банк құпиясын сақтау талаптарын қазынашылық органдарға да қолдану ұсынылды;
-
деректер витринасын енгізудің мақсаттары мен ондағы ақпараттың тізбесі нақтыланды;
-
тиісті нормалардың күшіне ену мерзімін 2026 жылғы 1 маусымнан 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру көзделді;
-
базалық банк лицензиясынан әмбебап лицензияға көшу кезінде пруденциялық нормативтерді сақтау талаптары айқындалды;
-
сондай-ақ Қазақстан резиденті емес ислам банктері филиалдарына инвестициялық қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыру құқығын беру қарастырылды.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар банк қызметін реттеуді жетілдіруге, қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға және елдің қаржы нарығын дамытуға бағытталғаны атап өтілді.