Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:37

Қазақстанда бензин бағасы Ресей деңгейіне біртіндеп жақындайды

Бензин қымбаттайды
Фото: из открытых источников

Энергетика министрлігі 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасуына байланысты бензин бағасы Ресеймен теңеседі деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта елде АИ-92 бензинінің бағасын өсіруге мораторий сақталып отыр. Бұл шешім инфляцияны тежеу мақсатында қабылданған. Министрлік жанармай бағасының күрт қымбаттауы жоспарланбағанын атап өтті.

«2027 жылдан бастап мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығын құру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл бағаның автоматты түрде теңесуін білдірмейді, керісінше заңнамаларды үйлестіру процесі. Интеграция барысында Қазақстан азаматтарының ұлттық мүддесі мен әлеуметтік әл-ауқаты басты назарда болады», - деді министрдің кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаева.


Сондай-ақ министрлік Қазақстанда жанармай бағасының салыстырмалы түрде төмен болуы «сұр» экспорттың артуына әкеліп, бензиннің көрші елдерге заңсыз шығарылуына және ішкі нарықта тапшылық қаупінің туындауына себеп болып отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты бағаны көтеру қажеттігі туындап отыр, алайда бұл үдеріс біртіндеп жүргізіледі.