Қазақстанда екінші АЭС қашан салынады?

Қазақстанда екінші АЭС-ті салу туралы шешім осы күзде қабылдануы мүмкін.
Бірінші станция салынып үлгермей жатып, екіншісі іске қосылуы ықтимал.
Қазақстанда екінші атом электр станциясын (АЭС) салу туралы шешім осы күзде қабылдануы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Орталық Азия – Қытай» форумының аясында мәлімдеді.
Склярдың айтуынша, күзге дейін үкімет жобаның нақты параметрлері мен есептерін, сондай-ақ мүмкін болатын құрылыс алаңын анықтап үлгеруді жоспарлап отыр.
– Менің ойымша, бұл шешім күзде қабылданады. Ұзаққа созбаймыз. Күзге қарай нақты сандар мен деректер болады. Құрылыс орны да сол уақытқа қарай белгілі болуы мүмкін. Бірақ оны бұрынырақ та ұсынуымыз мүмкін, – деді ол.
Бірінші вице-премьердің сөзінше, екінші АЭС-тің құрылысы бірінші станциядан бұрын басталып кетуі де ғажап емес. Бұл таңдалатын технологиялар мен жобаны жүзеге асыратын компанияларға байланысты болмақ.
– Бұл мүмкін. Барлығы қолданылатын технология мен құрылысқа жауапты компанияларға байланысты. Мұндай жағдай болуы ықтимал, – деді Скляр.
Оның айтуынша, екінші АЭС құрылысы созбалаңға салынбайды.
– Біз екінші АЭС-тің құрылысын кейінге қалдырмай, уақытылы бастауды көздеп отырмыз, – деп нақтылады ол.
Қытай CNNC компаниясы ядролық энергетика саласында зор тәжірибе жинақтаған. Олар ВВЭР, EPR, AP1000, CANDU сияқты халықаралық реакторлармен қатар, өздері жасап шығарған HPR1000 технологиясын да сәтті енгізіп келеді.
«Қазіргі кезде Қытай әлем бойынша ең көп атом станциясын салып жатқан ел: 28 АЭС құрылысы жүріп жатса, ал 57 станция жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, Қытай алғашқы ядролық реакторын тек 1991 жылы іске қосқанымен, осы уақыт аралығында орасан тәжірибе жинақтады», – делінген агенттік жауабында.
Агенттіктің хабарлауынша, қысқа тізімге енген барлық технология қазіргі заманғы қауіпсіздік стандарттарына толық сай және техникалық сипаттамалары жағынан бір-біріне ұқсас. Дегенмен, түпкілікті шешімді қабылдау кезінде тек техникалық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар жобаны іске асыру тәжірибесі, технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндігі, ядролық отын циклындағы қатысу деңгейі мен шетелдегі сәтті жүзеге асқан жобалар да ескерілген.
Айта кетейік, бұған дейін, 14 маусымда Қазақстанның атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев екінші АЭС-ті салу кезінде қытайлық технологиялар қолданылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Ал алғашқы АЭС жобасы бойынша консорциумды Ресейдің «Росатом» корпорациясы басқарып отыр.