Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Қазақстанда электросамокатты жалға алу тек кәмелетке толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтарға ғана рұқсат етіледі

самокат
Фото: sxodim.com

Қазақстанда электросамокатты жалға алу ережелері қатаңдатылды. Енді электросамокатты тек 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол қозғалысы туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерді қамтитын заңға қол қойды. Жаңа түзетулер электросамокаттарды пайдалану тәртібін түбегейлі өзгертеді.

Ең алдымен, талаптар электросамокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты. Енді әрбір электросамокатқа міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыруы (ГПО) рәсімделіп, тіркеу нөмірі берілуі тиіс. Нөмірі мен сақтандыруы жоқ самокаттарды пайдалануға тыйым салынады.

Сондай-ақ прокат қызметтері самокаттарға тұрақты техникалық қызмет көрсетіп, ақауы бар құрылғыларды дереу пайдаланудан алып тастауға міндетті.

Электросамокатты жалға алу үшін азаматтың жасы 18-ден асуы және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы қажет. Жүргізуші куәлігі жоқ немесе одан айырылған адамдарға жолдың жүру бөлігінде самокат айдауға рұқсат етілмейді.

Бұдан бөлек, жалға беру компаниялары мына міндеттерді атқаруы тиіс:
– пайдаланушыларды жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар туралы алдын ала ескерту;
– цифрлық технологиялар арқылы қозғалыс жылдамдығы мен бағытын бақылау;
– арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеу;
– самокаттардың жаяу жүргіншілерге немесе көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлерге тасталмауын қадағалау;
– қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін самокаттардың орналасқан жері туралы деректерді уәкілетті органдарға беру.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, қалалардағы электросамокаттарды бейберекет пайдалануға тосқауыл қоюға бағытталған.