Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Қазақстанда ең төменгі жалақы өсетін болды

Жалақы
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Қаржы министрі нақты сандарды айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) көтерілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше зерттеу институты осы мәселеге байланысты арнайы талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Өңірлер мен салалар бойынша еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыны нақты есептеу үшін зерттеулер жүріп жатыр. Бұл есептеулер жаңа ЕТЖ мөлшерін анықтаудың негізі болады», - деді министр.

Жақыпованың сөзінше, нақты сома зерттеулер толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.

«2025 жылдың соңына дейін барлық есептеулер аяқталып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өседі», - деп нақтылады ол.

Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы — 85 000 теңге.

Сондай-ақ, кулуарда Қаржы министрі Мәди Тәкиев жаңа ең төменгі жалақы мөлшерін есептеу қалай жүріп жатқанын айтып берді.

«Бұл мәселемен Еңбек министрлігі мен Экономика министрлігі айналысып жатыр. Соңғы үш жылдағы мәліметтерге талдау жүргізілуде. Болжам бойынша, жаңа ең төменгі жалақы мөлшері 90 мың теңгеден сәл жоғары болуы мүмкін. Бірақ есептеулер әлі аяқталған жоқ», - деді Такиев.

Министрдің айтуынша, зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді 10 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 2026 жылы бюджеттен 622 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінуі мүмкін.