Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр

Қазақстанда тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп министрлігі жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің өкілдері хабарлады.
Министрлік өкілі қазіргі таңда Индустрия комитеті жанында жұмыс істейтін Энергия тиімділігі институтының бар екенін айтып, жаңа салынған нысандардың тиімділігін бақылау жүйесі енгізілетінін мәлімдеді. Бұл бақылау нысан пайдалануға берілгеннен кейін оның төлқұжаттағы көрсетілген энергия классына сәйкес келуін тексеруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, энергияны көп тұтынатын ескі ғимараттармен де жұмыс жүргізілуде. Бұл үйлерді жаңарту «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Мәселен, 2023 жылы осы бағдарламаға 13,9 млрд теңге, ал 2024 жылға 10-13 млрд теңге шамасында қаражат қарастырылып отыр.
ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы журналистер сұрағына жауап бере отырып, энергия тиімділігін арттыру мәселесінде елімізде әлеуметтік топтарға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
"Жаңғырту жұмыстары инженерлік желілерді жөндеуді, үйлердің энергия үнемдеу көрсеткіштерін арттыруды көздейді. Бұл ретте құжаттар жергілікті атқарушы органдар тарапынан алдын ала дайындалып, министрлікке жолданады. Коммуналдық инфрақұрылымға келсек, министрлік оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді басты міндет ретінде қойып отыр. Әсіресе, электр және сумен жабдықтау жүйелері бойынша тарифтердің өзгеруіне байланысты әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілмек", - дейді Бақытжан Жүнісбеков.
Халықтың төмен табыс табатын бөлігі үшін коммуналдық төлемдерге субсидия қарастырылған. Республика бойынша ең жоғары төлем жүктемесі 10%-дан аспауы тиіс, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 5%-ға дейін төмендетілген.
"Барлық сорғы станцияларға қашықтан ақпарат беру үшін құралдар орнатылады. Мысалы, бір жерде апат орын алса маман оған барып, насосты жауып жүрмейді. Ол бір жағынан уақыт алады, екінші жағынан апаттың салдарын арттырады. Маман экраннан қарап қай насостың қысымы артып жатса, бір батырмамен оны өшіре алады. Бұл дегеніміз осының арқасында қаншама энергия үнемделеді", - дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасы орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов.
Бұдан бөлек, министрлік коммуналдық төлемдерге берілетін субсидияларды тұрғын үйдің ауданына, шаршы метріне байланысты есептеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірі 20025 жылға дейін 100 пайыз ауыз сумен қамтылу керек. Бұл мақсатта мемлекет бюджетінен 1 триллион теңге бөлінген еді. Қазіргі таңда Қазақстандағы қалалардың 99,4 пайызы, ал ауылдардың 97,8 пайызы бұл міндетті орындаған. Кейбір шалғай жердегі елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Осы мақсатта ауыз суды тазартатын құрылғылар, скважина орнату жұмыстары жүргізіледі.