Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:13, 06 Қазан 2023

Қазақстанда "Эрис" коронавирусының жаңа штаммы анықталды

Эрис
Фото: из открытых источников

Қазақстанда "Омикрон" коронавирусының жаңа түрі – "Эрис" штаммы анықталды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, жақында жүргізілген генетикалық зерттеулер осындай нәтиже көрсеткен.

 

"Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру деңгейі төмендеп келе жатқанына қарамастан, өткен айдың қорытындысы бойынша жүргізілген зерттеулер Қазақстанға "Эрис" штаммының енгенін көрсетті. Жалпы, біз ай сайын COVID-19 генетикалық сараптамасын жүргіземіз", - деді Ғиният.

Ол вирус Қазақстанның барлық аймақтарында анықталғанын айтты.

"Өткен айда Қазақстанда мұндай түр жоқ десек, қазір оның бар-жоғын сынақ нәтижесі бойынша анықтап жатырмыз", - деді Ажар Ғиният.

Министр "Омикрон" және оның түрлерін жұқтыру жеңіл немесе орташа екенін мәлімдеді. Қазір ауруханаларда COVID-19 диагнозы қойылған 35 адам жатыр.

"Эрис" алғаш рет 2023 жылдың ақпанында анықталды. Жаңа штаммның белгілері жіті респираторлық вирустық инфекциялардан немесе коронавирустың басқа түрлерінен еш айырмашылығы жоқ. Олар: бас ауруы, тұмау, жөтел, жалпы әлсіздік, тамақ ауруы, дене қызуының көтерілуі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, вирустың бұл нұсқасы бұрынғыға қарағанда тезірек таралады және уақыт өте келе басым болуы мүмкін. Дегенмен, белсенді таралу жылдамдығына және иммундық жүйені «айналып өту» мүмкіндігіне қарамастан, бұл штамм ауырлық дәрежесі бойынша басқалардан ерекшеленбейді.