Бүгін, 14:41
Қазақстанда еттің бағасы 15 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін бе?
Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбеков алдағы уақытта Қазақстанда еттің келісі 15-20 мың теңгеге жетуі ықтимал екенін айтты.
Оның пікірінше, ел ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай, етті Өзбекстаннан импорттауға мәжбүр болады.
- Кейін біз, қазақтар, басты ұлттық тағамымыз бешбармаққа өзбек етін салатын боламыз, бірақ оның келісі 15-20 мың теңге болады. Айтпақшы, мен 2019 жылы еттің бағасы 5-6 мың теңге болады деп ескерткенмін. Қанша сынаса да, менің болжамдарым орындалып келеді. Жағдайды біліп отырғандықтан осындай қорытынды жасадым. Қуаңшылық болған бойда баға өсе бастайды, - деді ол.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шілде айында Қазақстандағы ет бағасының өсуіне негізгі себеп – делдалдар екенін мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Қазақстанда ет бағасы көрші Орталық Азия елдерімен салыстырғанда әлі де төмен. Алайда нарықтағы кейбір делдалдар бағаны қолдан көтеріп отыр.