Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:05

Қазақстанда фильмдер прокатқа шығар алдында сараптамадан өтеді: Сенат түзетулерді мақұлдады

Кино
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Сенат депутаттары креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады.

Сенат комитетінің қорытындысында атап өтілгендей, заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Заңның негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының мәдениет саласын заманауи талаптарға сай жаңғырту, сондай-ақ креативті индустрияларды дербес әрі экономикалық маңызы бар сектор ретінде институционалдық тұрғыда қалыптастыру.

Құжат төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді:

– «Мәдениет туралы»,

– «Кинематография туралы»,

– «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»,

– «Мемлекеттік мүлік туралы».

«Мәдениет туралы» заңдағы негізгі өзгерістер

Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес:

ұғымдар аясы кеңейтіледі: креативті индустрия қызметкері, креативті индустрия субъектісі, сондай-ақ оларды есепке алу мен қолдауға арналған онлайн-реестр ұғымдары енгізіледі;

креативті индустриялар құқықтық реттеу саласына ресми түрде қосылады;

уәкілетті органның құзыреті айқындалады (реестрді қалыптастыру және жүргізу, мәдениет ұйымдарының мүлкін жалға беру ережелерін бекіту, мемлекеттік бірлесіп қаржыландыру кезінде жеке инвестицияларды тартуға мониторинг жүргізу);

әкімдіктерге креативті индустриялар арқылы таланттарды дамыту мен өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасау өкілеттігі беріледі;

креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтары бекітіледі (ақпаратты қорғау, үшінші тұлғаларды тарту, кәсіби бірлестіктерге қатысу, мәдени ұйымдарға қол жеткізу);

шетелдік ұжымдар мен орындаушылар қатысатын мәдени-бұқаралық іс-шараларды кемінде 30 жұмыс күні бұрын келісу міндеті енгізіледі;

тыйым салынған контент анықталған жағдайда мұндай іс-шараларды тыйым салу немесе тоқтату негіздері айқындалады.

«Кинематография туралы» заңдағы өзгерістер

Бұл заң аясында:

фильмге прокаттық куәлік беру туралы өтінішті қарау мерзімі 7 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұзартылды;

Қазақстанда өндірілген фильмдер үшін прокаттық куәлік алу кезінде пайдаланылған шығармалар туралы мәлімет ұсыну талабы алынып тасталды;

уәкілетті орган жанынан фильмге прокатқа дейінгі сараптама жүргізу нормасы енгізілді. Сараптаманы арнайы сараптамалық комиссия жүргізіп, фильмнің заңға сәйкестігін және жас ерекшелік санатын анықтайды. Комиссия жұмысының тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

Жастар саясаты туралы өзгерістер

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға:

жастарды креативті қызметке тарту,

креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлік белсенділігін дамыту,

жастар бастамалары мен жобаларын қолдауға бағытталған нормалар енгізілді.

Мемлекеттік мүлікке қатысты түзетулер

«Мемлекеттік мүлік туралы» заңда республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының мүлкін реттеу аясы кеңейтіліп, оған қатысты тиісті нормалардың қолданылуы заң жүзінде бекітілді.