Қазақстанда ғана болатын жағдай. Лицензиясыз криптобиржаларға ресми рұқсат берілмек

Қазақстанның криптонарығында ерекше жағдай болғалы тұр. Мұндай жағдай тіпті бұрын-сонды ешбір салада болмаған шығар.
«Цифрлық активтер туралы» заңның жаңа редакциясы ел аумағында жұмысын жүргізуге лицензиясы жоқ криптобиржаларға енді лицензиясыз да жұмыс істей беруіне жағдай жасамақ. Егер жаңа редакция біз көрген нұсқасымен қабылданар болса, онда құзырлы органдардың бақылауына кірмей-ақ, ел бюджетіне салығын төлеместен жұмысын бейқам жүргізе беруіне болады.
Бүгінге дейін ресми рұқсаты жоғына қарамастан, беймәлім жолмен жұмыс істеп келсе, енді ресми түрде рұқсат беріп жатырмыз. Мұндай тәртіпті заң жүзінде бекітіп беру біздің елде ғана кездесетін сирек жағдай болар. Әйтпесе, заң бәріне ортақ дейтін қатаң қағиданы ұстанған қай ел өз нарығын өз қолымен былықтырып қойсын?!
Заңдағы басты өзгеріс
Газетімізде бұған дейін ел аумағында тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп жатқан жаһандық криптобиржалар тақырыбында бірнеше мақала жариялағанбыз. Ондағы әңгіменің негізгі өзегіне айналған Binance және Bybit секілді әлемдік криптобиржалардың ел заңын елемей жұмыс істеп жатқанын айтып, талай мысалын келтірген едік. Бірақ ең қызығы, бірде-бір мекеме осы биржалардың қызметін тыюды мойнына алған емес. Біз осы мәселеге қатысты құзыры жүреді-ау деген жердің барлығына ресми сауал тастап көрдік. Бірақ не Цифрландыру министрлігі, не Бас прокуратура, не Қаржылық бақылау агенттігі тұшымды жауап бере алмады. Шынтуайтына келгенде, ел нарығында жаһандық биржалардың лицензиясыз жұмыс істегені үшін осы аталған мекемелердің қай-қайсы да белгілі бір деңгейде жауапты. Алайда сол жауапкершілікті сезініп, нақты іске көшуге келгенде білек сыбанып кіріскен біреуін көрмедік. Осылай дүбәра күйде келе жатқанымызда парламентте қабылдануы мүмкін деген «Цифрлық активтер туралы» заңның жаңа нұсқасы шыға келді (қолымызға түскен құжатты төменгі палата әлі талқылауға алмағандықтан, шикі күйіндегі жазбасы ғана екенін айта кетейік).
Сондағы өзгеріске ұшыраған баптарының арасында көзімізге түскен ең даулы тұсы жаңадан енгізіліп жатқан 11-1 бап болып тұр. Оның мәтініне қарасақ, «Цифрлық активтер қызметтерін ұсынушылар болып табылмайтын, бірақ цифрлық активтер қызметтерін ұсынушы өкілдіктері бар тұлғаларға 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ҚР азаматтарына және ҚР резиденті болып табылатын заңды тұлғаларға цифрлық активтердің айналымы бойынша қызметтерді ұсынуға рұқсат етіледі, бұл клиенттерді қазақстандық домендегі интернет-ресурстарға көшіру мақсатында жүзеге асырылады».
Енді осыны қарапайым тілге салсақ, жаһандық биржаларға Қазақстан нарығына кіру үшін арнайы лицензия алудың қажеті жоқ. Бар болғаны жергілікті өкілдігін ашып қойса болғаны. Заң тілінде «қызмет ұсынушылар» деп айдар таққанмен, әңгіме кім туралы екені бесенеден белгілі. Осы толықтырудың арқасында Binance пен Bybit әлемдік криптобиржалары кем дегенде енді бір жыл алаңсыз жұмыс істеуге толық мүмкіндік алады. Сала сарапшысы Дәурен Қарашевтің айтуынша, бұл нарықтағы бәсекелестікті жояды. Себебі елімізде заңды тұлға ретінде тіркелмеген ұйымға емін-еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беру толығымен заңға қайшы.
Мәселенің тағы бір қыры бар. Криптоактивтердің қаупі өте жоғары. Оны есірткі бизнесін, терроризмді қаржыландыруға қолдануға болады. Бұл криптовалюталардың аксиома секілді сипаты. Сонымен бірге ақша жылыстатуға таптырмас құрал. Осы айтылған қауіптер бойынша әлемдік нарықты сараптап отырған халықаралық сараптамалық ұйым да бар. Тіпті ел нарығындағы криптоинвесторлардың 95%-ы «сұр» нарықта жүр деген Тоқаевтың мәлімдемесі де осы халықаралық Chainalysis деректерінен алынғанын айта кетейік. Демек, бұл – жымқырған ақшасын шетел асыра алмай отырғандарға «бір жыл уақыттарың бар» деп ым тастау ма?
Заңдағы жауапкершілігін білмейтін министр
Жалпы бүгінде елімізде қанша адамның цифрлық активтер саудасының айналасына шоғырланғаны жайында нақты ақпарат жоқ. Дегенмен бейресми деректер шамамен миллионнан астам адам бар деп болжайды. Бірақ нарықтың нақты реттеліп қоймағандығының кесірінен көпшілігі қаншалықты заңды саудамен айналысып жүргенін білмейді. Себебі мемлекет лицензиясы болмаса да жаһандық криптобиржаның жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Алайда сол алаңдарда сауда жасаған кейбір азамат Қылмыстық Кодекстің «заңсыз кәсіпкерлік» бабына не үшін ілігіп жатқанын түсінбейді. Сайып келгенде мемлекет жемтік шашып, тор құрып отырған аңшының әрекетін еске түсіреді.
Сондықтан салаға жауапты органдар қалай да нарықты нақты реттеп отыруы керек. Бірақ сол жауапты орган дегеніміз кім? Қай мекеме? Біздің түсінуімізше, бұл былыққа бірінші болып цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапкершілікті мойнына артуы керек. Өйткені сөз болып отырған «Цифрлық активтер туралы» заңның 4-бабы бойынша «уәкілетті орган цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, салааралық үйлестіруді жүзеге асырады». Демек, осы саладағы мемлекеттің саясатын қалыптастырып отырған адам деп қазіргі министр Жаслан Мәдиевті тануымыз керек.
Екіншіден, осы министрлікке қарасты Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті бар. Аталған комитеттің сайтындағы түсініктемесінде оның жасанды интеллект, инновациялар, электрондық өнеркәсіп және цифрлық активтер саласындағы даму мен реттеуге жауапты мемлекеттік мекеме болып табылатыны жазылған. Осыдан соң саланың дамуына да, оны реттеуге де жауапты екеніне ешкімнің шүбәсі қалмауы керек еді. Тек соны Мәдиевтің өзі білмейтіні қызық. Осыған дейінгі мәжіліс қабырғасында өткен отырыстардың бірінде сол сұрақты министрдің өзіне қойғанбыз. Жаслан мырзаның сөзіне салсақ, министрлік тек майнинг саласына ғана жауапты, ал криптобиржаларға Мәдиевтің миы ашымау керек екен.
Осы ретте мына бір мәселені министрдің есіне салып қойғымыз келеді. Осыдан шамамен екі жылдай бұрын Қазақстан нарығында лицензиясыз жұмыс істегені үшін Coinbase криптобиржасы жабылды. Сонда оның сайтын бұғаттаған басқа емес, тап осы цифрландыру министрлігі еді. Сондағы министрліктің мәлімдеуінше, лицензиясы жоқ цифрлық активтер биржалары криптовалюталарды айырбастағанда қауіпсіз емес әдістерді қолдана алады. Бұл пайдаланушылардың ақшасы мен жеке деректерінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Мінеки, лицензиясыз криптобиржалардың қандай қаупі бар екенін министрліктің өзі-ақ айтып тұр. Айта кету керек, ол уақытта Мәдиев министр емес, Binance-тың жергілікті өкілдігін басқаратын.
Арада біршама уақыт өткенде сол министрліктің жаһандық биржаларға деген ұстанымы аяқасты өзгере қалған сияқты. Өйткені Мәдиев мырза қазіргі лицензиясыз биржалардың сайтын бұғаттау тақырыбына келгенде тайсақтап, жауаптан сытылып кетуге шебер. Биржа мәселесі біздің құзырымызға кірмейді деген жаттанды жауабын әлденеше рет естігенбіз. Бірақ биржаның өзінен бұрын, оның сайтын бұғаттауға не кедергі? Ақыры лицензиясыз жұмыс істеп жатыр екен, лицензиясыз болса министрліктің өзі айтпақшы, мұндай криптобиржалар «пайдаланушылардың ақшасы мен жеке деректерінің жоғалуына әкелуі мүмкін» екен, ендеше, не тұрыс? Біздің білгіміз келетіні, осы еді. Бірақ жауаптан сытылуға келгенде алдына жан салмайтын нағыз «нарқасқаның» өзі болып шықты. Біз де сол сұрақты қоюдан жалықпадық, министр де жауап берудің орнына Астана халықаралық қаржы орталығына сілтеп, бұл мәселе оның құзырына кірмейтінін айтумен келеді.
Әңгімені заңның жаңа нұсқасынан бастадық қой, соған қайта ойысайық. Назарымызды аударған тағы бір өзгеріс, ел аумағында өндірілген цифрлық активтердің сатылымына қатысты. Қазіргі қолданыстағы норма бойынша, «ҚР аумағында цифрлық майнинг қызметі нәтижесінде алынған цифрлық активтерді сату жағдайында, мұндай цифрлық активтердің кемінде 50%-ы Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар цифрлық активтер биржалары арқылы міндетті түрде сатылуға жатады». Осы талап былтыр қаңтардан бастап іске қосылды. Ал биылдан бастап майнерлер Қазақстан аумағында өндірген цифрлық активтерінің кем дегенде 75%-ын еліміздегі криптобиржаларда сатуға міндетті еді. Бұл лицензиялы криптобиржалардың жандануына айтарлықтай көмек болатын.
Алайда заңның жаңа редакциясы мұны да өзгертіп, бұл талаптың бәрін 2027 жылға дейін ысырып тастамақ. Себебі АХҚО статистикасына сәйкес, цифрлық майнерлердің криптобиржалардағы криптовалюталар айналымының жалпы көлеміндегі үлесі 10%-дан аспайды. Сонымен қатар лицензияланған биржалардың іске қосылуы қымбатқа түседі. Оған қоса, салық жеңілдігі жоқ. Бұл цифрлық активтер экожүйесінің дамуын айтарлықтай шектеп отыр екен.
Ресми түсініктеме осылай болғанымен, бұл да лицензиялы жергілікті биржалардың тынысын тарылтатын жағдай болмақ. Себебі криптоактивтер бұрынғысынша жаһандық биржаларда саудалана береді, өйткені еш тыйым жоқ. Онсыз да жаһандық биржалармен бәсекелесе алмай, жұмысы жүрмей тұрған биржалар үшін бұл ауыр соққы екені сөзсіз.
Мен не деймін, домбырам не дейді?!
Біз осы былықтың бәрін тізіп, нарықты бақылауға құзыры бар деген органдарға сауалымызды жолдағанбыз. Мәселен, криптоинвесторлардың 95%-ы «сұр» нарыққа кетсе, оған кім жол берді? Министрлік пе, АХҚО ма? Осыны Бас прокуратура неге анықтамайды? Осынша олқылыққа жол бергені үшін жауапты мекемені анықтап, неге тексеріс жүргізбейді?
Бірақ осы сауалдарымызға не Бас прокуратура, не Қаржылық бақылау агенттігі лайықты жауап қайырмады. Прокуратураның әрекеті тіпті қызық. Нарықта осынша олқылыққа жол бергені үшін «министрлікке тексеріс жүргізу қажет емес пе» деген сауалымызды министрліктің өзіне жолдай салғанын қалай түсінуге болады? Мен не деймін, домбырам не дейді?! Әкімнің үстінен шағымданып Астанаға барғанда мұндағылар мәселені шешу үшін әкімнің өзіне қайтып жолдайтын әдеті бар еді ғой, тура соны еске түсіргенін қарасаңызшы.
Ал министрліктің қай уақытта да бізге жолдайтын жауабы дайын. Заңсыз биржаларды бұғаттаумен айналысып жатқанын, бүгінге дейін 6 мың сайтты жапқанын мәлімет қылып береді. Алайда біз сұрап отырған биржалар мәселесін АХҚО-ға сілтеп қоя салған. Бірақ құзырлы органдардың бұл жауаптары біздің көңілімізден шықпайды. Нарықтағы заңсыздықты болдырмауға бірінші болып жауапты саналатын мекемелердің бұл жауабына Е-Өтініш порталы арқылы шағым білдіріп, қайтадан толымды жауап беруін сұрадық.
Ербол Тұрымбет
Астана