Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:18

Қазақстанда Германияда қаза тапқан экс-судьяның күйеуі мен енесі іздестіріліп жатыр

Айгүл Сайлыбаева
Фото: dzen.ru

Қазақстанда Германияда қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі іздестіріліп жатыр.

Жетісу облысында полиция Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деп іздестіру ісін тіркеген.

Еске салайық, бұрын Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының судьясы болған, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айгүл Сайлыбаева 2024 жылғы маусым айының басында Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен еді. 4 маусым күні Айгүл Сайлыбаева таңертең қызы мен бірге балабақшаға барған. Қызын қалдырып кеткеннен кейін жоғалып кеткен. Сол күні түстен кейін, шамамен сағат 14:30-да, балабақшадан қызды әжесі – Наталья Донцова алып кеткен. Осыдан кейін Донцованы да ешкім көрмеген.

Бірнеше аптадан соң Бенсхайм қаласының шетінде, пластикалық қаптың ішінен әйелдің мәйіті табылды. Кейін оның Айгүл Сайлыбаева екені анықталды.

Айгүлмен бірге жоғалған 49 жастағы Наталья Донцова — оның енесі. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйге әкелген соң із-түзсіз кеткен. Қазірге дейін Донцованың қайда екені белгісіз.

Қазіргі күнге дейін ешкім қамауға алынбаған.

Айгүл Сайлыбаеваның адвокаты Жанна Уразбахова бұған дейін Қазақстанда да қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеген. Тергеу азаптау және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты жүріп жатыр. Бұл істер марқұмның шетелге кетпей тұрып, Қазақстанда отбасылық өмірінде болған оқиғалармен байланысты.