Қазақстанда «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген - ІІМ
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы мен оның Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген күдік неліктен қарастырылмай жатыр деген сауалға жауап берді.
Әленовтың айтуынша, Қазақстанда «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген.
«Біз күдіктілердің барлық байланыстары мен контактілерін тексердік, нәтижесінде олардың ұйымдасқан қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, бізде «Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген. Біз жергілікті полицияны және олардың қылмыстық топпен ықтимал байланысын тексеру туралы ұсыныс жасаймыз. Бірақ қазір ең бастысы – қазіргі қылмысты ашу», – деді министрдің орынбасары.
Бұл ретте «Хутор» тобының кеден қызметкері Медет Жамашевтың өліміне қатысы туралы 2017 жылы айтылған болатын.
Ал, күдіктілердің кейбірі пробация қызметінің есебінде тұр деген қауесет тараған соң Ішкі істер министрлігі Талғар аудандық полициясын да тексеретінін айтты.
«Полиция дереу жұмысқа кірісті. Алдымен жеті айыпталушы, кейін тағы үш адам ұсталды. Шартты түрде сотталғандардың түнгі уақытта неліктен атқа мінгенін анықтау үшін жергілікті полиция қызметі тексерілуде. Ал, Хуторские тобы туралы дерекқор жоқ. Қазір Шерзаттың әкесі қолында пышаққа ұқсас зат ұстағанына сараптама жүргізіліп жатыр», - деді Әленов.