Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 16 Сәуір 2025

Қазақстанда инфляция 10%-ға жетті

Теңге
Фото: ortcom.kz

 Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 10%-ға жетті. Әсіресе, соңғы бір ай ішінде азық-түлік бағасы күрт қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық банктің деректеріне сүйене отырып хабарланды.

Наурыз айында инфляция елдің 20 өңірінің 16-сында айтарлықтай өскен. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркеліп, 13,3%-ды құрады. Бір айдың ішінде азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 1,1%-ға көтеріліп, бұл санаттағы жылдық инфляция 6,5%-дан 7,6%-ға дейін үдеді. Азық-түлік бағасы ең көп өскен өңір — Ақмола облысы, мұнда көрсеткіш 10,6%-ға жеткен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша жылдық инфляция 9,1%-ға дейін жылдамдаған. Ең жоғары өсім Түркістан облысында тіркеліп, 15,2%-ды құрады. Ал ақылы қызметтер саласында бір айда баға тек 0,2%-ға ғана өскенмен, жылдық көрсеткіш 14,3%-ға жетіп отыр. Бұл санатта бағаның ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында байқалды — бір жыл ішінде 19,1%-ға қымбаттаған.

Жалпы алғанда, еліміз бойынша айлық инфляция өсімі 1,3%-ды құрады.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 10,6% шамасында болады деп болжаған еді.

Диана Аманғалиева