Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:37, 21 Маусым 2024

Қазақстанда IT саласы мен финтех қалай дамып келеді?

ІТ
Фото: kapital.kz

Қазақстандағы IT саласы цифрландыруға, инновацияларға және адами капиталды дамытуға баса назар аудара отырып, қарқынды дамып келеді.

Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының деректері бойынша 2022 жылы саладағы қызметтердің жалпы көлемі 772,5 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 40,3 пайызға артық. Ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 476,8 млрд теңгені құрап, 2022 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 56,4 пайызға өскен.

1
Фото: ашық дереккөз

IT секторының статистикасы

Қазақстандағы IT секторының статистикасы соңғы жылдардағы айтарлықтай өсу мен дамуды көрсетеді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздің ІЖӨ-дегі ІТ секторының үлесі артып келеді. 2023 жылы Қазақстанның ІЖӨ-дегі ІТ секторының үлесі шамамен 5 пайызды құрады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім, бұл саланың қарқынды дамып келе жатқанын және оның ел экономикасы үшін маңыздылығын көрсетеді. ІТ саласында жұмыс істейтін мамандар саны да артып келеді. 2023 жылы IT саласында 100 мыңға жуық адам жұмыс істеді деген болжам бар және бұл сан биыл да өсуде. Қазақстандағы IT қызметтері нарығының көлемі миллиардтаған АҚШ долларына бағаланады. IT қызметтері нарығы 2022 жылы 1,5 миллиард доллардан асты және 2025 жылға қарай 2 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда. Қазақстан стартаптар мен IT саласындағы инвестиция үшін тартымды алаңға айналуда. 2022 жылы стартаптарға салынған инвестиция шамамен 100 миллион долларды құрады.

Елімізде IT саласындағы стартаптар саны белсенді түрде артып келеді. 2023 жылы финтех, денсаулық сақтау, білім беру және электрондық коммерцияны қоса алғанда, әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 500-ден астам белсенді стартаптар тіркелді. Былтырдың өзінде жаңа стартаптар саны 28 пайызға артқан.

2023 жылы IT-Aiel бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам жұмыссыз әйел No Code School, Freelance School курстарында тегін білім алып, сонымен қатар компьютерлік білімге ие болды. Әйелдердің ақпараттық технологиялар саласындағы табысты мансапқа деген ұмтылысын қолдайтын IT-Aiel бағдарламасы биыл да жалғасады деген жоспар бар. Қазақстанда IT-компаниялар мен стартаптардың дамуына қолдау көрсететін Astana Hub сияқты бірнеше ірі технопарктер мен инкубаторлар бар. Astana Hub-та 500-ден астам тұрғын тіркелген.

ІТ мамандықтары бойынша білім алатын студенттер саны артып келеді. 2023 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарында IT бағдарламалары бойынша 30 мыңнан астам студент оқуға түсті. Сол сияқты Қазақстан ТМД елдері арасында электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн режимде қолжетімді.

ІТ нарығын мемлекеттік қолдау

Қазақстанның ІТ нарығын мемлекеттік қолдау технологиялар мен инновацияларды дамытуды ынталандыруға бағытталған бірнеше бағытты қамтиды.

Олар:

1. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы:

Бұл бағдарлама экономиканың түрлі секторларын, мемлекеттік қызметтерді және әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялауға бағытталған. Ол бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды: цифрлық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық кәсіпкерлік үшін жағдай жасау және болашақтың құзыреттері мен дағдыларын дамыту.

2. Білімге инвестиция:

Мемлекет IT-білім беру саласын дамытуға қаржы бөледі. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары IT мамандарын дайындау үшін жаңа факультеттер мен бағдарламалар ашуда. Соның аясында онлайн курстарға, тренингтерге және басқа да білім беру бастамаларына қолдау көрсетіп жатыр.

3. Стартаптарды қолдау:

Стартаптар мен компанияларға инфрақұрылым, салық жеңілдіктері, халықаралық нарықтарға және инвестицияларға қол жеткізуді қамтамасыз ететін Astana Hub сияқты технопарктерді құрылды. ІТ саласындағы стартаптар мен шағын бизнес үшін гранттар мен субсидиялау бағдарламалары іске қосылды.

4. Электрондық үкімет (e-Gov):

Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдететін және олардың ашықтығын арттыратын электрондық үкіметті енгізді.

5. Инновациялық гранттар мен қорлар:

Инновациялық жобалар мен зерттеулерге гранттар мен қаржылық қолдау көрсететін мемлекеттік қорлар мен бағдарламалар бар. Ғылым қоры және басқа құрылымдар IT саласындағы ғылыми және қолданбалы зерттеулерді қаржыландырады.

Бұл жобалар Қазақстанның ІТ саласын дамытуға қолайлы жағдай жасауға, инвестиция тартуға және елдің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

1
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы финтехтің дамуы

Финтех секторы қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. 2023 жылы елімізде қолма-қол ақшасыз карточкалық транзакциялар көлемі 142,6 трлн теңгені (+39 пайыз) құрап, бірінші рет ЖІӨ көрсеткішінен асып түсті. Осының аясында ел бойынша қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 82,5 пайыздан 86,2 пайызға дейін өсті. Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз операциялар үлесінің өсуі бойынша көшбасшылар Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары болды.

Елімізде мобильді төлемдер және электрондық әмияндардың бірнеше артықшылықтары бар. Мысалы, Kaspi.kz, Halyk Bank, Jysan Bank және т.б. сияқты мобильді төлем жүйелері мен электронды әмияндардың танымалдылығының артты. Бұл платформалар аударымдарды, коммуналдық төлемдерді және онлайн сатып алуды қоса алғанда, қызметтердің кең спектрін ұсынады. Соның арқасында адамдар кезекке тұрмайды. Мобильді төлем еліміз азаматтарын өмірін жеңілдетуге айтарлықтай үлес қосты.

Сол сияқты банктер онлайн банкинг қызметін де ұсынады. Бұл дегеніміз банктер клиенттерге Интернет немесе мобильді қосымшалар арқылы өз шоттарын басқаруға, шоттарды төлеуге және қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін қызмет түрі.

Елімізде криптовалюталар және блокчейн де өсіп келеді. Қазақстан осы бизнес үшін қолайлы жағдайлардың арқасында криптовалютаны өндіру бойынша жетекші орталықтардың біріне айналды. Логистика, қаржы және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі салаларда блокчейн технологияларын әзірлеу және енгізу іске асырылды.

Бұл деректер Қазақстанның IT-секторы инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді, бұл елдің жалпы цифрлық трансформациясына ықпал етеді.

Тегтер: