Қазақстанда қаңтар айындағы ҰБТ басталды
Қазақстанда қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің ақпаратынша, ҰБТ-ға қатысу үшін 187 мыңға жуық адам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 мыңға көп. Талапкерлердің 75,2%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеудің күні, уақыты мен өтетін орнын өздері таңдаған.
Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика–Физика» (19,2%). Бұл бағытты болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер, технологтар, энергетиктер мен құрылыс саласы мамандарын таңдаған талапкерлер құрайды. Одан кейін «Биология-Химия» (16,9%) және «Шығармашылық емтихан» (9,7%) комбинациялары тұр. Бұл тиісінше болашақ медицина және шығармашылық сала мамандары.
Министрліктің мәліметінше, ҰБТ кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Апелляцияға өтініш тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беріледі. Апелляцияға өтініш берген талапкердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімі қабылданған соң жеке кабинетінде жарияланады.
Ведомство 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті пәнді және екі бейіндік пәнді тапсырады. Тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде:
-
«Қазақстан тарихы» пәнінен – 20 тапсырма,
-
«Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» – әрқайсысынан 10 тапсырма,
-
екі бейіндік пәннен – әрқайсысынан 40 тапсырма беріледі.
ҰБТ-ның ең жоғары мүмкін болатын нәтижесі – 140 балл.
Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.