Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстанда қайтарылмайтын әуе билеттерін сатуға тыйым салынуы мүмкін

самолет летит
Фото: azattyq-ruhy.kz

Қазақстанда қайтарылмайтын әуе билеттерін сатуға тыйым салу мәселесі көтерілді. Бұл ұсыныс Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында жолаушылар тасымалы саласындағы авиациялық қызмет пен әуе қатынасы мәселелері талқыланған кезде айтылды.

Аталған бастамаға қатысты Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті өз ұстанымын білдірді. Комитет төрағасы Салтанат Томпиеваның айтуынша, қайтарылмайтын билеттер қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие.

Менің білуімше, қайтарылмайтын билеттер халық арасында кеңінен қолданылады. Сатып алушылардың 50 пайыздан астамы дәл осы тарифті таңдайды. Бұл қонақүйлердегі жағдайға ұқсас: қайтарылмайтын тариф арзанырақ болады. Әдетте мұндай билеттерді сапарын алдын ала нақты жоспарлай алатын жолаушылар сатып алады, — деді ол.

Комитет төрағасы сондай-ақ билетті ұшуға екі–үш ай қалғанда сатып алу соңғы сәтте алынатын билеттермен салыстырғанда едәуір арзан болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл баға саясаты әуе компанияларының экономикалық моделіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Салтанат Томпиева субсидияланатын әуе рейстерінде тек қайтарылатын билеттер қарастырылғанын еске салды.

Мұндай рейстерде әуе компаниялары билеттің толық қайтарылуын қамтамасыз етеді. Алайда кейбір жолаушылар билетті қайтаруға болатынын біле отырып, орындарды алдын ала «броньдап» қояды. Нәтижесінде әуе компаниялары кейін рейсте бос орын жоқ деп жариялауға мәжбүр болады, — деді ол.

Қоғамдық палата отырысында айтылған ұсыныс әзірге талқылау деңгейінде. Қайтарылмайтын билеттерге тыйым салу мәселесі бойынша нақты шешім қабылданған жоқ.

Тегтер: