Қазақстанда киік ату басталды: киелі аңның саны қалай реттеледі
Елімізде киіктерті түнгі уақытта ату жоспарланып отыр
Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhasalash.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Министр Нысанбаевтың сөзінше, киік санын реттеудің екі түрі ұсынылған.
«Біріншісі – коралдық (киіктерді айдап кіргізетін қоршау) әдіс. Бұл іс-шара әдетте күндіз жүргізіледі. Екіншісі – түнгі уақытта ату. Біз бірінші жолды таңдадық. Алайда, ауа райының жағдайына және көлікті тиімді пайдалану мүмкіндігінің жоқтығына байланысты екінші әдісті жоспарлап отырмыз», - деді Нысанбаев.
Министр Қазақстанда киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін атап өтті. Акбөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелгенін алға тартты.
«Бұл қасқыр сынды табиғи реттеушінің жоқтығынан болып отыр. Бұрын жұт, құрғақшылық болып, жайылым болмай қалатын. Мұнан бөлек, ауру таралатын. Мен жауаптан қашпаймын, киік санын реттеу қажет», - деді Ерлан Нысанбаев.
Еске сала кетейік, 2022 жылы экология министрі Серікқали Брекешев ақбөкендер фермерлердің егінін таптап жатыр деп мәлімдеген еді. Содан кейін ведомство «жануарлар санын реттеу шеңберінде» 80 мың ақбөкенді ату туралы шешім қабылдаған.