Қазақстанда Қытай ЖОО-ларының филиалдары ашылуы мүмкін
Қазақстан Қытайдың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу үшін қолайлы жағдай жасауға дайын.
Бұл туралы Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігіне сұхбат берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық елдеріміздің халқы арасындағы екіжатқы байланыстар мен достықты нығайтуда маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған сәттен бастап бұл бағыт барлық уақытта да белсенді болды. Білім беру, мәдениет, туризм, ғылым мен технология сынды салалардағы өзара іс-қимыл өзгеріссіз жоғары қарай дамып келеді. Осы жылдың наурызында Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы Туризм жылының ашылу рәсімі өтті. Елдеріміз арасындағы туристік байланыстарды ілгерілету басталды. Қытай астанасында рәсім қарсаңында туризм және инвестициялар форумы өтіп, туристік жәрмеңке де ұйымдастырылды. Онда Қазақстанның барлық өңірі ұсынылды. Жалпы, Туризм жылы аясында ҚХР-дың қалалары мен өлкелерінде еліміздің қонақжайлығымен, бай мәдениетімен және дәстүрімен таныстыруға бағытталған 35-тен астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Біз Қытаймен бірлесіп, белгіленген қарқынды жалғастыруға дайынбыз", - деді Қазақстан Президенті.
Президент пайымынша, Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарын өзара құру елдеріміздің арасындағы гуманитарлық ынтымақтастыққа қосымша серпін береді. Сонымен қатар Президент осынау маңызды тартылыс нүктелері халықтарымыздың аарсындағы берік достық көпіріне айналарына сенімді екендігін баса айтты.
«Осы жылдың ақпанында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған бірінші «Лу Бань шеберхасына» бардым. Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін біліктілігі жоғары техникалық және инженерлік кадрлар дайындауға арналған заманауи зертханалардан әсер алдым. Біз елімізде мұндай зертханалар географиясын кеңейтуге барынша мүдделіміз. Меніңше, білім алған мамандар бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Жоғары білім саласындағы жемісті ынтымақтастығымыздың тағы бір дәлелі Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Солтүстік Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу бола алады. Біз елімізде Қытайдың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.