Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Қазақстанда қыздарды қорлаған ресейлік стримерлер елден кетуі мүмкін

Анар Абдуллаев
Фото: скриншот

Қазақстанда Алматыда өткен тікелей эфирден кейін қоғамда үлкен резонанс туған еді. Эфир барысында ресейлік блогерлер Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев қазақстандық қыздарға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.

Эфир үзінділері әлеуметтік желілерде тарап, сын мен наразылық толқынын туғызды.

Қоғамдық қысымнан кейін стримерлер көпшілік алдында кешірім сұрады. Алайда Алматы полициясы тексеру жүргізіп, сот олардың әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Кейін Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев ІІМ Қылмыстық кодекстің 174-бабы — әлеуметтік, ұлттық және өзге де алауыздықты қоздыру бойынша жеке тергеу бастағанын хабарлады. Аталған баптың 2-бөлігі бойынша қылмыс құрамы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл іс әкімшілік қамаудан бөлек қаралып жатыр.

Buzyq Telegram-арнасының хабарлауынша, блогерлер Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, олар 7 ақпанда ұсталып, 22 ақпанда әкімшілік жазасын өтеп шыққаннан кейін босатылған.

ҚР Ішкі істер министрлігі әзірге олардың елден шыққаны туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.