Қазақстанда қызылша дерті қайта көбейіп келеді
Еліміздің бірқатар өңірінде қызылша ауруының таралуы қайта күшейгені байқалады. Әсіресе бұл жұқпалы дерт балалар арасында жиі тіркеліп отыр. Денсаулық сақтау органдарының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы апталарында Қазақстан бойынша қызылшаның 370 жағдайы анықталған, олардың көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар.
Мамандар сырқаттану деңгейінің өсуін вакцинациямен қамтудың жеткіліксіздігімен және екпеден бас тарту жағдайларының көбеюімен байланыстырады.
Қызылша ең көп тіркелген өңірлердің бірі – Жамбыл облысы. Мұнда жыл басынан бері 191 балаға осы диагноз қойылған. Ауру жұқтырғандардың едәуір бөлігі – жас балалар, оның ішінде бір жасқа толмаған сәбилер де бар.
Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, қызылшаға шалдыққан балалардың 85 пайызы екпе алмаған. Бұған ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы, баланың екпе жасына жетпеуі немесе медициналық қарсы көрсетілімдер себеп болған.
Аурудың әрі қарай таралуына жол бермеу үшін өңірде жоспардан тыс иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша вакцинация тоғыз айдан асқан егілмеген балаларға, сондай-ақ екі жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге бағытталған.
Медицина мамандары қызылшаның аса жұқпалы ауру екенін ескертіп, ата-аналарды балаларды уақытында екпеден өткізуге шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация – бұл дерттің алдын алудың ең тиімді жолы.