Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:55, 06 Қазан 2023

Қазақстанда қоғамдық орындарда никаб пен қысқа шалбар киюге тыйым салынуы мүмкін

никаб
Фото: из открытых источников

6 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде дінге қатысты мәселелер мұқият зерттелетінін хабарлады. 

Оның айтуынша, қоғамдық орындарда никаб пен қысқа шалбар киюге тыйым салу мүмкіндігі қарастырылып, зерделенетін болады. Әрине бұл іске мамандар тартылады.

«Қазіргі таңда дін тақырыбы өте өзекті болып бара жатыр. Өздеріңіз білетіндей қыркүйекте мен хиджаб мәселесі бойынша өз ойымды айтып кеткен болатынмын. Бұл жерде мәселе дін ұстанарлықта емес, дінді сауатты ұстануда болып тұр. Қазіргі күнде дістүрлі діни ағымдармен қатар дәстүрлі емес ағымдардың қаншалықты белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз», - деді Мәдениет және Ақпарат министрі.

Министр қыркүйектегі мәлімдемесінде Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін айтқан болатын.

«Қазақстан Конституцияға сәйкес діннен бөлінген зайырлы мемлекет. Мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді. Мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни нормалармен емес, азаматтық заңнамамен реттеледі, ал нормативтік құқықтық актілер мектеп формасын кию стандарттарының сақталуын талап етеді.Тағы да Конституцияға оралсақ, мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және қамтамасыз ету. Менің ойымша, қазақстандықтар жақсы білім алып, кәмелеттік жасқа келгенде дін және діни киім таңдауды өз бетінше шешеді», - деген еді ол.

Министр брифингтегі сөзінде 8 айдың ішінде 14816 терроризмді насихаттайтын материал анықталғанын да атап өтті.

«Министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Деструктивті материалдарды анықтау мақсатында негізенен әлеуметтік желілер мен сайттарда тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. 2023 жылдың қаңтарынан осы жылдың қыркүйегінің соңына дейін 14816 терроризм мен жат ағымдардағы экстремизмді насихаттайтын материалдар анықталды. Бұл атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту дегенді білдіреді. Әрине біз депутаттардың сауалын мұқият тыңдаймыз», - деді министр.

Министр дін туралы заңның кейбір нормаларын қайта қарауға күш салатынын айтты.

«Бұл жерде, әрине, тағы да тұжырымдамалық аппарат туралы мәселе туындайды, өйткені біздің қолданыстағы заңымызда «деструктивті діни ағымдар» деген ұғым да жоқ. Әрине, жұртшылықтың пікірі мұқият зерделеуді қажет етеді. Бұл бағытта бізге тек теолог мамандар ғана емес, сонымен бірге бүкіл жұртшылық қатысады деп ойлаймын, өйткені бүгінгі таңда азаматтық қоғам институттары мен ҮЕҰ бізбен тығыз байланыста", - деді ол.

Аида Балаева қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салынуы мүмкін екенін де айтты.

«Қоғамдық орындарда оранып алған адамдарды тану мүмкін емес. Әлемдік тәжірибеден көріп жүрмін. Бұл алдымен мемелекеттің қауіпсіздігі. Сондықтан алдағы уақытта зерттелетін болады. Әрине мамандардан бөлек қоғаммен де санасамыз. Бұл бағытта біз жұмыс істейміз. Жаңа заң немесе заңға түзету енгізу уақытты алады. Одан кейін мәжіліс пен сенатқа ұсынылады. Жақында бұл сұрақты қарастыратын боламыз». – деді ол.

Өтініштерінде дін мәселелері депутаттар тарапынан көтерілгендіктен, Аида Балаева алдағы уақытта парламентшілермен бірлескен жұмыс басталатынына сенім білдірді.

Депутат Ермұрат Бапи 4 қазанда сөйлеген сөзінде бірқатар өңірлердегі шағын бизнесті, әсіресе, нарықтық саудамен байланысты кәсіпорындарды уахабилер – радикалды исламдық салафизм ағымын ұстанушылар басып алып жатқанын мәлімдеді.

Мәжілістің жалпы отырысында Бапи Қазақстанда уахабизмді насихаттайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар екенін айтты. Ол исламның солшыл ағымдарының белсенді таралуымен ұлттық құндылықтардың артта қалғанын атап өтті. Дәл осы себепті депутаттар дін туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

«Еліміздің ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарына қайшы келетін барлық діни нормаларға тыйым салынуы керек. Тиісті заң қабылдасақ, билік радикалды діни ағымдардың қызметін тоқтатуға күш салады», - деп деген еді депутат.

Сонымен бірге Бапи Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау және Алматы облыстарында салафизм идеялары белсенді түрде таралып жатқанын айтқан болатын. Ол шенеуніктерді радикалдардың әрекетін жолын кесу үшін белсенді шаралар қабылдауға шақырды.

Айта кетейік, мектепке хиджаб киіп бару мәселесі қоғам арасында дау туғызды. Мұның салдарынан қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі қолдаса, екіншісі тарап қолдамайтынын айтты. Бұл дауға Қазақстан Республикасы Қасым-Жомарт Тоқаев та мән беріп, мұғалімдер съезінде аталмыш мәселеге арнайы тоқталып өтті.

Президент мектеп алдымен білім ордасы, еліміздің ең алдымен зайырлы мемлекет екенін еске салды.

«Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», - деді Мемлекет басшысы.

Әлемде де мектепте хиджаб пен никаб киюге тыйым салып жатқан елдер бар. Атап айтар болсақ 2004 жылдан бері Францияда хиджаб киюге тыйым салынса, биылдан бастап абайя киюге заңмен тосқауыл қойды. Бұл туралы елдің білім минстрі Габриэль Аттал мәлімдеді. Швецарияда 2021 жылы бұл мәселе үстінде сауалнама ұйымдастырған. Халықтың 51 пайызы білім ордасында хиджаб пен никаб киюге қарсылығын білдіріп дауыс берген болатын. Жақында сауалнама күшіне енді. Енді заң бұзғандар мың доллардан астам айыппұл төлейтін болады.

Ал көрші елдерден Өзбекстанда білім ордасында бетін жауып тұратын киімдерді киіп келуге, қоғам арасында сақал өсіруге тыйым салынды. Кейіннен бұған қатысты арнайы рейд жүретінін мәлімдеді.

Қырғыз мемлекеті де бұл мәселені талқылап жатыр. Алдағы уақытта шектеу қоюы мүмкін екендігі айтылды. Тәжікстан мемлекетінде де қоғам арасында, білім ордаларында хиджаб киюге тыйым салынған. Ел президенті Эмомали Рахмон "қара киініп жүру ұлтымызға жат" деп мәлімдеген.

Тегтер: