Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстанда Конституция күні 1 шілдеге ауысуы мүмкін

Конституция
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда Конституция күні жаңа күнге ауысуы ықтимал. Жаңа Негізгі заң жобасына сәйкес, Конституция күні 1 шілде болып белгіленуі мүмкін. Құжатта көрсетілгендей, егер жаңа Конституция республикалық референдумда қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал осы күн мемлекеттік мереке болып жарияланбақ.

11 ақпанда Конституциялық комиссия мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыстың қорытындыларын таныстырды. Кейін Мемлекет басшысы Конституциялық реформа бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, референдум 2026 жылғы 15 наурызда, жексенбі күні өтеді. Егер құжат халықтың қолдауына ие болса, жаңа Конституцияның қабылданған күні ресми түрде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.

Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Президенттің 2026 жылғы 21 қаңтардағы жарлығымен құрылған. Алғашында парламенттік реформа аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған. Алайда талқылау барысында түзетулер саны айтарлықтай көбейген.

Қаңтар айының соңында өткен комиссия отырысында бірқатар мүшелер мүлде жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныс білдіріп, бұл бастама қолдау тапқан еді. Президент Тоқаев та Конституцияға қатысты кез келген өзгеріс тек референдум арқылы қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

Тегтер: