Қазақстанда медицина сапасы нашарлаған – зерттеу
Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштері халықаралық рейтингтерде төмендеп отыр.
Numbeo атты халықаралық деректер платформасының 2025 жылдың ортасындағы есебіне сәйкес, Қазақстан 99 елдің ішінде 60-орынға жайғасқан. Елдің индексі — 60,7 балл. Екі жыл бұрын еліміз 57-орында болған. Қазақстан мен рейтингтің көшбасшысы елдер арасындағы алшақтық шамамен 30 пунктке жетеді.
Көшбасшылар және көршілер
2025 жылы денсаулық сақтау индексі бойынша Тайвань қайтадан көш бастады — 87 балл. Екінші орында — Оңтүстік Корея (82,8), үшінші орында — Нидерланд (80,6).
Көптеген дамыған елдер осы үштіктің ізінен еріп келеді.
Қазақстанға ең жақын позицияда Ресей (57-орын) және Армения (61-орын) тұр.
Numbeo әдістемесі бойынша, индекс халық арасындағы социологиялық сауалнамалар негізінде есептеледі. Көрсеткіштерге жүйенің сапасы, инфрақұрылымның болуы, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ресурстар кіреді. Қосымша түрде медициналық қызмет көрсету сапасының индексі де бағаланады — онда ең жоғары балл дамыған мемлекеттерге тиесілі.
Негізгі айырмашылық — қаржы көлемінде
Қазақстан мен Еуропаның дамыған елдері арасындағы басты айырмашылық — медицинаға жұмсалатын шығын деңгейі. Our World in Data порталының дерегінше, 2024 жылы АҚШ-та мемлекет шығындарының 14,3%-ы ІЖӨ-нің денсаулық сақтау саласына бағытталған.
Германияда бұл көрсеткіш — 10,6%, Франция мен Швецияда — 9,7%.
Қазақстан бойынша өткен жылға халықаралық деректер болмағандықтан, журналистер Қаржы министрлігінің есебіне сүйеніп есептеген: 2024 жылы денсаулық сақтауға ІЖӨ-нің 2,9%-ы ғана жұмсалған. Бұл деңгей Қытаймен тең және көшбасшылардан айтарлықтай артта.
Бюджет өсімі жоқ
Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де айтарлықтай артпаған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы медицинаға 2,5 трлн теңге жұмсалған — бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,2%-ға аз. Инфляцияны ескерсек, нақты айырмашылық одан да үлкен.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында салаға 1,3 трлн теңге бөлінген — өткен жылмен салыстырғанда бар болғаны 1,1% өсім.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, 2024 жылы мемлекеттік шығындар бір адамға шаққанда 152,2 мың теңге болған. Өңірлердің көпшілігінде өсім 5-10% аралығында.
Бірақ Қостанай облысы ерекше көзге түсіп, бір адамға 183,1 мың теңге жұмсалған — бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23,8%-ға артық. Керісінше, Астанада көрсеткіш төмендеген: 180,2 мың теңге, бұл 14,6%-ға аз. Мұндай қысқару – халық санының қарқынды өсуі мен бюджет жоспарлауының сәйкес келмеуінен.
Халық шығындары да көбейген
Мемлекет қаржысын көбейту баяу жүргенімен, қазақстандықтардың жеке медициналық шығындары артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында әр азамат орта есеппен 4,7 мың теңге ақылы медициналық қызметтерге жұмсаған.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға көп. Ал бірінші тоқсанда өсім 28,3%-ға жеткен.
Ауру адамдар өсіп барады
Мұның салдары — елдегі ауру көрсеткіштерінің көбеюі. Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 және 2024 жылдарға арналған деректерін салыстырғанда, 17 категорияның тек бесеуінде ғана аурушаңдық азайған, қалған 12 бағытта көрсеткіштер өскен.
Ең алаңдатарлық жағдай — жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары бойынша. 2024 жылы бұл аурулар әр 100 мың адамға шаққанда 18,6 мың жағдайға жеткен. 2022 жылы көрсеткіш 16,9 мың болған. Яғни, өсім айқын, ал бұл дерттер Қазақстандағы өлімнің ең жиі себептерінің бірі болып қала береді.