Қазақстанда мектеп маңындағы патрульдеуді күшейту ұсынылды
Әлеуметтік желілерде мектептерге шабуыл жасалуы мүмкін деген мазмұндағы хабарламалар тарағаннан кейін, Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза оқу орындары орналасқан аудандарда патрульдеуді күшейтуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік желілерде мектептерге шабуыл жасалады, теракт жоспарланып жатыр деген жалған ақпарат бірнеше рет тараған. Мұндай жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
«Осындай оқиғалар білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қағаз жүзінде емес, нақты әрі тиімді түрде күшейту қажет екенін көрсетеді. Бұл – қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін маңызды», – деді Самат Нұртаза.
Ол сондай-ақ жуырда Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттің оқытушыға пышақпен шабуыл жасағанын еске салды.
Депутаттың пікірінше, қазіргі таңда көптеген мектеп пен балабақшада қауіпсіздік тек формалды түрде ғана қамтамасыз етіледі. Көп жағдайда оқу орындарын жалақысы төмен болғандықтан, кәсіби мамандар емес, зейнет жасындағы күзетшілер күзетеді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мектептер мен балабақшалардың басым бөлігінде металл іздегіш құрылғылар мен тыйым салынған заттарды анықтайтын техникалық құралдар жоқ. Бұл оқу орындарындағы қауіпсіздік деңгейін төмендетіп отыр.
Депутат аталған мәселелерді ескере отырып, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.