Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие алуға тыйым салынады
Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие және микронесие алу шектеледі.
Тиісті қаулы жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады.
Құжатта Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен несиелік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы мәлімет алмасу тәртібі айқындалған. Бұл деректер сарбаздарға қарыз төлемдерін кейінге шегеру (кредиттік каникул) беру және жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызмет өткеріп жүргені немесе қызметтен босатылғаны жөнінде ақпаратты көрсету үшін қолданылады.
Қаулы жобасына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алуға өтініш берген шақыру жасындағы азаматтың мәртебесін кредиттік есеп арқылы тексеруге міндетті болады.
Егер өтініш иесінің мерзімді әскери қызметте жүргені туралы мәлімет анықталса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуы тиіс.
«Жоба банктер мен микроқаржы ұйымдарына кредит алуға өтініш түскен жағдайда, өтініш берушінің мәртебесін міндетті түрде тексеруді және мерзімді әскери қызмет өткеріп жүргені расталса, өтінішті қабылдамауды көздейді», - делінген құжатта.
Аталған жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұған дейін Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы мәлімет берген болатын.