Қазақстанда микронесиелерді кімдер алады?
Ұлттық банк қазақстандықтардың микронесие алу жиілігін талдады. Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, микрокнесие алатындардың орташа жасы 33 жасқа дейін төмендеген.
Бір жыл ішінде шамамен 1,2 млн қазақстандық кемінде бір рет микронесие рәсімдеген. Олардың үштен екісі бір уақытта басқа да қарыздарын өтеп жүрген.
2022-2023 жылдары мұндай қарыз алушылар саны сәл жоғары болған. Яғни тиісінше 1,5 млн және 1,52 млн адам.
Ұлттық банктің мәліметінше, микронесиенің орташа сомасы 50,6 мың теңгеден 64,2 мың теңгеге дейін өскен.
Сарапшылар белсенді қарыз алушылардың саны көп әрі сомасы жоғары несиелер рәсімдейтінін атап өтті. Дегенмен ең көп қарызға батқан клиенттердің үлесі біртіндеп азайып келеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда несие беру тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар қарыз алушылардың табысына көбірек назар аударуды көздейді. Енді банктер несие бермес бұрын клиенттің төлем қабілеттілігін әлдеқайда қатаң тексереді. Жаңа ережелер аясында қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) мен қарыздың табысқа қатынасы (ҚТҚ) енгізіледі.
-
ҚЖК – адамның қазіргі табысының қаншалықты бөлігі несиелер мен міндетті төлемдерге жұмсалатынын көрсетеді. Егер бұл көрсеткіш жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі азаяды.
-
ҚТҚ – азаматтың жаңа несиені төлеуге шамасы жететін-жетпейтінін анықтауға көмектеседі.
Қай топтарға әсер етеді?
Жаңа шектеулер ең алдымен ресми емес табысы бар азаматтарға қатысты болады. Мысалы:
-
қолма-қол жалақы алатын жұмысшылар;
-
еңбек келісімшарты жоқтар;
-
тұрақты немесе расталған табысы жоқтар.