Қазақстанда мүгедектігі бар балаларға тіл тигізгендер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, мүгедектігі бар балаларға қатысты өшпенділіктің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.
Депутаттың айтуынша, қоғамдық және цифрлық кеңістікте соңғы айларда байқалған мұндай құбылыстар мемлекеттік инклюзия саясатына қайшы және жүйелі түрде шұғыл шешуді қажет етеді.
Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға тіз тигізу күшейіп отыр. Депутат бірнеше резонансты жағдайды мысалға келтірді:
— бір блогердің аутизмі бар балаларды өлтіруге үндеуі;
— басқа бір блогердің аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарын қорлап, мүгедектіктің пайда болуын «ананың жеңілтектігімен» байланыстыруы.
Әбдиев мұндай әрекеттерге әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастыру қажет екенін қадап айтты. Әйтпесе, кез келген адам жазасыз отырып, қоғамға зиян келтіруін жалғастыра береді дейді ол.
Сауалда әлеуметтік желілердің агрессия құралына айналып бара жатқаны ерекше атап өтілген. Бұл – қоғамдағы стигматизация мен әлеуметтік алшақтықтың белгісі. Қазақстан қазір мүгедектікті қабылдаудың медициналық емес, әлеуметтік моделіне өтуде, бұл ұзақ әрі күрделі психологиялық процесс екені айтылды.
Депутаттың пікірінше, мемлекет қоғамдық сананы дұрыс бағытта қалыптастыруға, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін толық қамтамасыз етуге міндетті. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы екі жылда инклюзияны ілгерілетуге бөлген 66 млн теңге айтарлықтай нәтиже бермеген – қаржы жүйесіз, ұсақ жобаларға жұмсалған.
Әбдиев бұған дейін инклюзия бағытындағы 11 мемлекеттік органның жұмысын күшейту үшін үш жылға 6,6 млрд теңге бөлу жөнінде ұсыныс бергенін, бірақ ол қолдау таппағанын жеткізді. Қазіргі жағдай бұл шешімнің стратегиялық қателік болғанын көрсетіп отыр дейді депутат.
«Қоғамның адамгершілік деңгейі ең әлсіз мүшелеріне деген көзқараспен өлшенеді», – деп түйіндеді Ерлан Әбдиев.