Қазақстанда мұнай экспорты көлемі қысқаруы мүмкін
Каспий құбыр консорциумының (КТК) Новороссийскідегі теңіз терминалында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен ұзаққа созылып отыр.
Бұған дейін жөндеу 13 желтоқсанда аяқталады деп хабарланған еді, алайда қазіргі мәліметтерге қарағанда, жұмыстар кемінде 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
Теңіз терминалындағы үш алыстағы айлақ құрылғысының (ВПУ) тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр.
Екіншісі, жақында жасалған шабуылдың салдарынан қатты зақымданған,
ал үшіншісі, жоспарлы техникалық қызмет көрсетуден өтуде.
КТК толық қуатта жұмыс істеуі үшін кем дегенде екі айлақ құрылғысы іске қосылуы қажет. Қазіргі жағдайда экспорт көлемі айтарлықтай қысқарды, тәулігіне 155 мың баррельге дейін төмендеді.
Айлақтардың шектеулі жұмысы салдарынан мұнай қабылдау және сақтау қоймалары тола бастады. Егер қоймалар сыйымдылығы шегіне жетсе, Қазақстан уақытша мұнай өндірісін қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл экспорттық түсімдерді азайтып, саладағы жалпы экономикалық жағдайға кері әсер етуі ықтимал.
Нарықтағы мұндай ауытқулар мұнай компаниялары үшін де, мемлекеттік бюджет үшін де айтарлықтай шығындарға әкелуі мүмкін, себебі КТК Қазақстан мұнайының негізгі экспорт бағыты болып саналады.
Мамандардың пікірінше, егер жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен де ұзаққа созылса, жағдай бірнеше аптаға емес, бірнеше айға созылатын күрделі проблемаға айналуы мүмкін. Бұл ретте экспортты басқа бағыттарға шұғыл қайта бағдарлау мүмкіндігі шектеулі, балама маршруттар қымбат әрі логистикалық жағынан қиын.
КТК-дегі жөндеу жұмыстарының созылуы техникалық ақаудан гөрі үлкен экономикалық тәуекелге айналып отыр. Айлақ құрылғылары толық қалпына келмейінше, Қазақстан экспорт көлемінің төмендеу қаупімен бетпе-бет қалуда.