Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Қазақстанда Германияда қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Айгүл Сайлыбаева
Фото: dzen.ru

Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Германияда қайтыс болған судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты тергеу ісі Қазақстанда да жүргізіліп жатқанын растады. Бұл туралы ол Сенат дәлізінде журналистерге берген жауабында мәлімдеді.

Әділовтың айтуынша, қылмыс шетелде болғандықтан, негізгі тергеу Германияның құзырында, ал Қазақстан тарапы бұл істі Бас прокуратура арқылы халықаралық құқықтық ынтымақтастық шеңберінде үйлестіріп отыр.

«Германия аумағында Қазақстан азаматына қатысты ауыр қылмыс жасалғаны жөніндегі мәселе Бас прокуратура құзыретінде. Себебі ол халықаралық құқық қорғау өзара іс-қимылының уәкілетті органы», - деді Әділов.

Жетісуда бөлек іс қозғалды

Сонымен қатар вице-министр Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 110-бабы – “азаптау” бойынша жеке іс тіркелгенін айтты.

«Бұл іс жәбірленушінің туыстарының өтінішінен кейін қозғалды. Оқиғалар ерлі-зайыптылардың Қазақстан аумағында, нақтырақ айтқанда Жетісу облысында болған кезеңіне қатысты. Германияда – кісі өлтіру дерегі тергеліп жатыр, ал бізде – азаптау және дене жарақатын салу фактілері бойынша тергеу жүруде», - деді ол.

Әділовтің сөзінше, Қазақстанда қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері басталған. Құқық қорғау органдары марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста.

Бұрын Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының судьясы болған, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айгүл Сайлыбаева 2024 жылғы маусым айының басында Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен еді. 4 маусым күні Айгүл Сайлыбаева таңертең қызы мен бірге балабақшаға барған. Қызын қалдырып кеткеннен кейін жоғалып кеткен. Сол күні түстен кейін, шамамен сағат 14:30-да, балабақшадан қызды әжесі – Наталья Донцова алып кеткен. Осыдан кейін Донцованы да ешкім көрмеген.

Бірнеше аптадан соң Бенсхайм қаласының шетінде, пластикалық қаптың ішінен әйелдің мәйіті табылды. Кейін оның Айгүл Сайлыбаева екені анықталды.

Айгүлмен бірге жоғалған 49 жастағы Наталья Донцова — оның енесі. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйге әкелген соң із-түзсіз кеткен. Қазірге дейін Донцованың қайда екені белгісіз.

Қазіргі күнге дейін ешкім қамауға алынбаған.

Айгүл Сайлыбаеваның адвокаты Жанна Уразбахова бұған дейін Қазақстанда да қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеген. Тергеу азаптау және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты жүріп жатыр. Бұл істер марқұмның шетелге кетпей тұрып, Қазақстанда отбасылық өмірінде болған оқиғалармен байланысты.