Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Қазақстанда ресейлік компаниялардың саны 6 жылда рекорд деңгейде қысқарды

1
Фото: kp.kz

2025 жылдың ІІ тоқсанында Қазақстан аумағында ресейлік құрылтайшылардың қатысуымен жұмыс істеген 728 компания қызметін тоқтатты. Бұл — кейінгі алты жылдағы ең ірі тоқсандық қысқару. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйене отырып, бірнеше сараптамалық БАҚ хабарлады.

Ресейлік компаниялардың саны 2024 жылдан бастап біртіндеп азайып келеді. 2025 жылдың ІІ тоқсанында тіркелген кері динамика қатарынан бесінші тоқсан бойы жалғасып отыр. Қысқартулардың басым бөлігі сауда және ақпараттық технологиялар (IT) саласына тиесілі.

Статистикаға сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік құрылтайшылар қатысатын 17,6 мың компания жұмыс істеп жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс — 2022 жылғы күтпеген өсімнен кейінгі “қалыпқа келу кезеңі”. Ол кезде Украинадағы соғыс, Батыс елдерінің санкциялары және Ресей азаматтарының жаппай көшуі аясында Қазақстанда ресейлік бизнестің саны күрт артқан.

«Кейбір кәсіпорындар Қазақстанға уақытша көшіп келген, енді қайта оралуда немесе өз қызметін қысқартуда. Бұл — миграциялық және нарықтық бейімделудің қалыпты циклі», — дейді экономистер.

 Ресей әлі де көш басында

Соған қарамастан, Ресей Қазақстандағы шетелдік қатысуы бар компаниялар саны бойынша әлі де бірінші орында тұр. Көршілес елдер — Өзбекстан мен Қытай — екінші және үшінші орындарда. Өзбекстандық компаниялар саны 10,8%-ға артып, 5,4 мыңға жеткен. Ал, Қытайлық кәсіпорындар 12,5%-ға өсіп, 4,5 мың компанияға дейін артқан.

Тегтер: