Қазақстанда самокат мінушілерге жазда қатаң шектеулер енгізіледі
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарын пайдалану ережелері өзгереді.
Алматы қалалық Полиция департаменті жаңа талаптар кімдерге қатысты болатынын және қай жерде жүруге тыйым салынатынын түсіндірді.
2026 жылдың көктемінде ережелер бұрынғыдай қалады. Қолданыстағы талаптар:
-
веложолдар мен веложолақтар – басым бағыт;
-
олар болмаған жағдайда – жолдың оң жақ жиегімен немесе автобус жолағымен (тек 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болғанда);
-
жол жиегімен;
-
тротуарда немесе жаяу жүргінші жолында – сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен және жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей.
1 шілдеден не өзгереді?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Жол жүрісі туралы» заңның 28-бабы 3-тармағы күшіне енеді. Бұл жалға берілетін (кикшеринг) самокаттарға қатысты талаптарды күшейтеді.
Кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар:
-
Техникалық бақылау: самокаттардың жарамдылығын тұрақты тексеру.
-
Пайдаланушыларды тексеру: жүргізуші куәлігі міндетті.
-
Цифрлық бақылау: жылдамдық пен орналасуды қадағалау.
-
Міндетті сақтандыру және тіркеу нөмірі.
Жалға беруге тыйым салынады:
-
18 жасқа толмағандарға;
-
жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға;
-
көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғаларға.
Тротуарларға тыйым
1 шілдеден бастап электр самокаттарының тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ерекше жағдай – арнайы белгіленген «ортақ қозғалыс аймақтары» (6 км/сағ, жаяу жүргінші басымдығы).
Қайда жүруге болады?
-
веложолдарда;
-
жолдың оң жақ жиегімен;
-
жол жиегімен.
Қараңғы уақытта жарық құралдары міндетті.
2025 жылы Алматыда самокаттар қатысқан 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен, бір адам қаза тапқан. 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған.