Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:41

Қазақстанда шамамен 300 миллион текше метр радиоактив қалдық жиналып қалған

радиоактив қалдық
Фото: ЖИ /Жас Алаш

Елімізде қауіпті радиоактивті қалдықтармен байланысты барлық жұмысты бақылайтын ұлттық оператор құрылмақ.

Қазақстан аумағында 293 миллион текше метрге жуық радиоактивті қалдық бар. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин 11 қараша күні өткен отырыста мәлімдеген.

Оның айтуынша, осы көлемнің 290 миллион текше метрі – төмен белсенділіктегі қалдықтар, ал қалған бөлігі – орта және жоғары белсенді қалдықтар.

«Қазіргі таңда Қазақстан аумағында шамамен 293 миллион текше метр радиоактивті қалдық бар, оның ең үлкен бөлігі — 290 миллион текше метр — төмен деңгейлі қалдықтар. Ал 237 текше метрі Семей сынақ полигонының үлесіне тиесілі. Бұл – сол полигоннан шығарылған немесе ластанған топырақ. Қалған радиоактивті қалдықтар Ұлттық ядролық орталықтан, Ядролық физика институтынан, Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты», Степногорск кен-химия комбинаты және Ақтаудағы Құшқар-Ата мен химия-гидрометаллургия зауыты сияқты кәсіпорындардан шығады», — деді Серғазин.

Отырыста радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді реттейтін жаңа заң жобасы таныстырылды.
Құжат аясында бұл саладағы барлық процесті қадағалайтын ұлттық оператор құру жоспарланған.

«Бүгінде әлемде де радиоактивті қалдықтарды көму орындарының тәжірибесі әлсіз. Мұндай полигондар санаулы ғана елдерде бар. Сондықтан заң жобасында қалдықтарды көму орындарын құру, олардың орналасатын жерін үкімет айқындау, ал құрылысы мен радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұлттық оператор жауапты болу көзделген. Бұл оператор радиоактивті қалдықтардың есебін жүргізіп, мониторинг жасап, есептерді тапсыратын болады», — деді ол.

Радиоактивті қалдықтар дегеніміз не?

Радиоактивті қалдықтар — құрамында радиоактивті изотоптар бар және кейін қайта қолдануға жарамсыз, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпті заттар.

Мұндай қалдықтар:

  • атом электр станцияларының жұмысы,
  • ядролық отынды өңдеу,
  • ғылыми, медициналық және өнеркәсіптік зерттеулер кезінде пайда болады.