Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:45

Қазақстанда шенеуніктердің Эпштейнмен байланысы тексеріледі

Мәсімов, Эпштейн және Келімбетов
Фото: shyndyk.kz

Қазақстанның Бас прокуратурасы жергілікті бұрынғы лауазымды тұлғалардың америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстарын тексеруді бастады. 

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.

«Бұл мәселені бүкіл әлем талқылап жатыр. Сондықтан біз, құқық қорғау органдары, бұл фактілерді қараймыз, тексереміз», – деді ол.

Асылов нақты фамилияларды атамады. Алайда Эпштейннің Кәрім Мәсімовпен ықтимал байланысы тексеріліп жатыр ма деген сұраққа: «Алдын ала тексеру басталды», – деп жауап берді.

Бас прокурордың айтуынша, Эпштейннің өткен жылдары Қазақстанға ықтимал сапары да тексерілуде.

Депутаттар сұрауы

25 ақпанда бірқатар депутаттар Бас прокуратура мен ҰҚК-ге бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың Эпштейнмен ықтимал әріптестігін тексеруді, сондай-ақ оның Қазақстанға сапарлары туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратты зерттеуді сұрап ресми сауал жолдаған.

Сауалда:

 «Карим Мәсімов жазбаларда кемінде 8 рет аталған. Құжаттардан Эпштейн мен Мәсімовтың жеке таныс болғаны анық көрінеді», – делінген.

Депутат Асхат Рахымжанов атап өткендей, Эпштейн мен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы мәліметтер де шетелдік БАҚ назарын аударған.

Бұл мәлімдемеге қатысты түсініктеме бере отырып, Бас прокурор Берік Асылов аталған деректердің «қосымша тексерілетінін» айтты.

Эпштейн ісі туралы

Джеффри Эпштейн 2019 жылғы 6 шілдеде Нью-Йоркте құқық қорғау органдары тарапынан қамауға алынған. Прокуратура мәліметінше, 2002-2005 жылдары ол Манхэттендегі үйіне ондаған кәмелетке толмаған қыздарды шақырған. Олардың ең кішісі 14 жаста болған.

Эпштейннің таныстары қатарында АҚШ-та ғана емес, басқа да елдердің қазіргі және бұрынғы шенеуніктері, ірі кәсіпкерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары болған. Ол 2019 жылғы тамызда түрмеде өлі күйінде табылғаннан кейін оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.