Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:10

Қазақстанда SIM-карталарды сатып алу кезінде биометриялық тіркеу міндеттелді

Биометриялық тіркеу
Фото: ЖИ / Жас Алаш

2026 жылғы 3 қаңтардан бастап Қазақстанда SIM-карталарды сатып алу және пайдалану тәртібі өзгерді.

 Енді абонент SIM-картаны тек биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана қолдана алады. Бұл туралы «Курсив» басылымы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биометриясыз қызмет жоқ

SIM-картаны бұрынғыдай дүкендерден немесе сату нүктелерінен сатып алуға болады. Алайда ол жұмыс істеуі үшін міндетті түрде биометриялық тіркеуден өту қажет.

Егер азамат SIM-картаны сатып алған соң оны өз бетінше белсендіруді қаласа, карта телефонға салынған кезде SMS-хабарлама келеді. Одан кейін байланыс операторының қосымшасын жүктеп, сол арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, тарифтік жоспарды таңдауға болады.

Ал интернетке қолжетімділігі жоқ немесе батырмалы телефон пайдаланатын азаматтар биометриядан өту үшін байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне жүгінуі тиіс.

Сонымен қатар жаңа ереже бойынша бір адамға ең көбі 10 SIM-карта ғана рәсімдеуге рұқсат етіледі.

Бұл не үшін енгізілді?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл жүйе интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында енгізілгенін айтты.

«Өкінішке қарай, біз интернет-алаяқтық деректерімен жиі бетпе-бет келіп отырмыз. Көп жағдайда заңсыз әрекеттерді нақты кім жасағанын анықтау қиынға соғады. Себебі телефон нөмірлері нақты жеке тұлғаға тіркелмеген. Биометрия осы олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі», - деді вице-министр.

Бұған дейін БАҚ 2025 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтық рекордтық деңгейге жеткенін хабарлаған еді. Құқық қорғау органдары 11 айдың ішінде 26,3 мың қылмысты тіркеген. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға, ал 2019 жылмен салыстырғанда 3,4 есе көп.