Қазақстанда стоматологиялық клиникалар зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шығарған
Қазақстанда 40-тан астам стоматологиялық клиника зейнетақы қорынан 200 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығарған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, клиникалар адамдарға көмек көрсеткені үшін қаражаттың 10–20%-ын заңсыз сыйақы ретінде алған.
Алынған қаражатқа элиталық мүлік сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
Қазіргі кезде 11 күдікті қамауда, тағы 3 адамға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Сонымен қатар кейбір дәрігерлер дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың жалған қорытындыларын жасап, жалпы 30 млн теңге алған.
Бұған дейін Атырауда БЖЗҚ қаражатын жымқыруға қатысты тағы бір ірі іс тіркелген болатын. Ол іс бойынша да жалған медициналық қызметтер көрсетілді деген желеумен шамамен 40 млрд теңгеге жуық қаржы шығарылғаны хабарланған. Ол кезде де тергеу зейнетақы жинақтарын заңсыз иемдену схемасына құрылған бірнеше медициналық ұйымның қатысы барын анықтаған.