Қазақстанда такси қызметтеріне жаңа талап енгізілді
Қазақстанда таксилерге өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу талабы енгізілмек. Бұл туралы Мәжілісте мәлім болды.
Өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобилді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болады.
Құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында шектеулер қойылады.
Түзетулерде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға тек көліктік бақылау функцияларын беру ұсынылады. Бақылаудың өзге де түрлерін (жол қозғалысы ережелері, санитарлық, шекаралық, кеден, салық және басқалар) белгіленген тәртіппен тиісті бақылаушы органдар жүзеге асырады.
Осыған байланысты әзірлеушілер өзін-өзі реттеу үшін бақылау механизмін ұсынады. Олар автоматтандырылған диспетчерлік жүйені енгізу және GPS трекерлерін қолдану арқылы автобус қызметтеріне белгіленген талаптардың сақталуын бақылай алады. Сонымен қатар өзін-өзі реттеуге қатысушылардың автобустарының мемлекеттік нөмірлері базада жоқ көліктерді тексеру үшін бақылаушы органдардың деректер базасына көшірілетін болады.
Құжат аясында «Көлiк», «Автомобиль көлігі», «Астананың мәртебесі», «Рұқсаттар және хабарламалар», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңдарға түзетулер енгізіледі.
Заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу жұмыс топтарының отырыстарында жалғасады.