Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары

1
Фото: ЖИ

Соңғы уақыттары тарихи тұлғалар турасында өтірік-шыны аралас, алыпқашпа әңгімені арқау еткен мақала, посттар жазылып, кітаптар көптеп шыға бастады. Ең өкініштісі, бұл іспен кәсіби дайындығы мықты мамандар емес, әуесқой «тарихшы», шалағай «журналистер», тіпті кім болса сол айналысты.

 Осылайша, әлеуметтік желідегі оқырманның зор қолдауына ие болған «блогерлік тарих» жанры қалыптасты. Яғни бұл жазармандар белгілі бір тұлғаны біржақты сыпыра мақтайды немесе біржақты сыпыра боқтайды. ХХ ғасырда өмір сүрген тұлғаға қатысты сөзді ХVIII ғасырдағы қазақи логикаға сүйене айтады. Салмақты, сабырлы, байыпты, объективті, приципшіл көзқарас кейінге ысырылды. Әркім естігенін жаза бастады. Тарихи шындық ретінде әлдекімнің көркемдік қиялынан туған шығармаларға дереккөзі ретінде сілтеме жасау, соған сүйену қалыпты жағдайға айналды. Біреуді батыр, біреуді сатқын етіп көрсететін, тарихи оқиғаларды бұрмалап, архивтік дәлелі жоқ материалдар әлеуметтік желіде, YouTube-та, баспасөзде және күмәнді кітаптардың халық арасына жаппай таралуына дәл бүгіннен бастап тосқауыл қоймаса, ертең опық жеуіміз мүмкін. Өйткені бұл құбылыс ұлттық бірегейлікке, рухани тұтастыққа қауіп төндіріп, ұрпақ санасын шатастырады.

Жер жүзіндегі медиа-кеңістік дыбыстық жылдамдықпен, өте қарқынды түрде өзгеріп, дамып жатқан тұста халықтың санасын өтірік ақпаратпен алдау оңайға айналды.

- 1 жылда, мысалы, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар кітаптар тізімімен және мемлекеттік тапсырыспен қанша кітап жарық көрді?

- ⁠2025 жылы елімізде жалпы саны қанша дана кітап жарық көрді?

- ⁠2025 жылы неше дана тарихи-танымдық тақырыпта еңбектер жарық көрді?

- Жалпы елімізде белгілі тұлғалардың өмірбаяндары туралы қанша еңбек жазылды және жарық көрді?

- Бір жылда мемлекет тарапынан кітаптар мен оқулықтар басу ісіне қанша қаражат бөлінеді?

Міне, бұл сұрақтарға жауап алу еш мүмкін емес! Айтыла-айтыла әбден жауыр болған, айтылған жерде қалатын, әлдебір топтардың мүддесіне бола қажетсіз шаруа қатарына ысырылған мәселе. Шынтуайттап келгенде, осы мәселені түбегейлі қолға алып, жүйелі түрде зерттеу жасамаса, түбі еліміздің келешегіне қатер төндіреді. Ал енді бұл мәселе тұрғысындағы біздің ұсынымыз төмендегідей:

1. Тарихи еңбектерде, оқулықтарда, деректі фильмдерде, БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрмаланған деректердің алдын алу үшін жүйелі, кешенді шаралар қажет. Ең алдымен қоғамға мәселенің бар екенін ашық айтып, бұрмалау фактілерін талқылайтын алаңдар ұйымдастыру керек. Қажет болған жағдайда заңнамалық өзгерістер енгізіп, ақпараттық кеңістікті деректердің дәлдігі тұрғысынан қорғау маңызды.

2. Сараптамалық және қадағалау жүйесі қажет. Тұрақты сарапшылар комиссиясын құрып, тарихшылар, архившілер, педагогтар, филологтар мен мәдениеттанушылардан құралған кеңес барлық тарихи мазмұндағы кітаптарды, көркем, деректі фильмдерді, оқулықтарды алдын ала қарап шығуы тиіс. Үлкен аудиторияға арналған мақалалар мен телебағдарламалар да эфирге не баспаға дейін тексерілуі керек. Әлеуметтік желілер мен блогерлер үшін этикалық норма қалыптастырып, тарихи тақырыптағы жазбаларда дереккөздерді көрсету мәдениетін орнықтыру қажет.

3. Бірыңғай тарихи деректер базасын құрып, архивтерді цифрландыру арқылы ғалымдар, журналистер және қоғам өкілдері үшін ашық әрі қолжетімді ету керек. Бұрмаланған материалдарға тез әрі ғылыми тұрғыдан жауап беретін арнайы фактчекинг орталығын іске қосқан жөн.

4. Баспагерлер мен авторлар жұмысын реттеу маңызды. Тарихи мазмұндағы кез келген кітап баспаға шығар алдында сараптамадан өтуі шарт. Шынайы дерекке сүйенген еңбектердің мұқабасында «Сенімді тарихи дерекке негізделген» немесе «архив материалдары бойынша жазылған» деген белгі болғаны дұрыс шығар. Әрі, автордың өзі дереккөзі ретінде қолданған архив материалдарының сілтемесін беруі шарт. Ал авторлық қиялға немесе баламалы көзқарасқа құрылған еңбектерде «бұл шығарма тарихи деректерге толық негізделмеген, авторлық пайымы бар» немесе «шығармашылық тұлғаның көркем қиялынан туындаған» деген ескерту жазылуы керек болар. Қалай болғанда да ұрпақ қамы, ұлт мұраты жолында тез арада жасалу керек нақты істің бірі осы бағытта жүзеге асуы керек деп ойлаймын.

5. Баспагерлер мен редакторлар үшін тарихи материалмен жұмыс істеудің кәсіби стандарттарын бекіту, сондай-ақ жарық көрген тарихи кітаптардың және олардың сараптама қорытындыларының ашық онлайн-реестрін жасау қажет. Ең бастысы, әркімге, әсіресе тарихты қасақана бұрмалаған шалағай кітаптарға ISBN берілмеу керек. Әуесқойлар кітаптарын ISBN-сіз өз бетімен шығара береді. Сонда, ISBN-сіз шыққан кітаптарды көрген оқырманның өзі қорытынды жасайды. Яғни ISBN деген шын мәнінде оқулықтар мен кітаптардың дәрежесін көрсететін белгіге айналуы керек. Осы ISBN-нің өзімен көп мәселені реттеуге болар еді. Өйткені 13 таңбадан тұратын бұл халықаралық бірегей нөмір кітаптың «паспорты» деуге болады. Осы белгі оның лицензиясы бар баспаханада басылғанын айғақтайды. Ал ISBN нөмірі жоқ кітаптар сауда орындарында, онлайн дүкендерде сатылмайды, ірі кітапханаларға жеткізілмейді.

6. Ғалымдармен серіктестік орнатып, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен кең ауқымды бағдарламалар әзірлеу, оқу орындарында «Тарихи дерекпен жұмыс» үйірмелері мен дебат клубтарын ұйымдастыру, осы орайда жас зерттеушілер мен журналистерге гранттар мен стипендиялар бөлу керек болар.

7. Ақпараттық-ағартушылық жұмыс та назардан тыс қалмауы тиіс. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде деректі фильмдер, подкасттар, мультимедиялық жобалар жасап, қате деректерді түзетіп, нақты фактілерді жариялау қажет. Тарих ғылымының әдіснамасы мен зерттеу тәсілдерін қарапайым тілмен түсіндіретін инфографика немесе қысқа видеосабақтар жасау пайдалы болады.

8. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен тарихшы, әдебиетші, тілші, этнографтардан құралған арнайы ғылыми-сараптамалық кеңес құрылуы керек. Ол кеңес тарихи-танымдық кітаптарға баға бере алатын құзыретке ие болғаны жөн. Кейін, осы ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмысы негізінде ҚР Парламенті тарапынан тарихи бұрмалаушылықтың алдын алатын заңнамалық шаралар қабылданып жатса, тіпті құба-құп болар еді.

Осындай кешенді шаралар қабылданған кезде субъективтілік пен мифтердің үлесі айтарлықтай төмендейді. Сараптамадан өткен еңбектердің беделі артады. Жалған түсініктердің таралуына тосқауыл қойылады. Бұл –цензура енгізу емес, шынайы тарихты қорғау, ұрпақ алдындағы аманатты сақтау. Дәлелді дерекке сүйенген тарих – ұлттық рухани тұтастық пен болашаққа сенімді қадамның кепілі.

Өмір Тұяқбай,

шығыстанушы-тарихшы

Тегтер: