Қазақстанда «тәртібі жақсы» қылмыскерлерді қосымша ұйқы сағаттарымен ынталандырып, оларға смартфон беруі мүмкін
Қазақстанда сотталғандарға арналған жаңа ережелер ұсынылды. Ішкі істер министрлігі сотталғандарды ұстау тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Жоба қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелеріне түзетулер енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, мінез-құлқының үшінші оң дәрежесіне ие сотталғандарға ынталандыру шарасы ретінде «тыныш сағат» енгізу жоспарланып отыр. Құжатта бұл шара жазасын өтеу жағдайларын жақсартуға және ішкі тәртіпті сақтауға бағытталғаны айтылған.
Сонымен қатар қауіпсіздігі минималды мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон қолдануға рұқсат беру ұсынылады. Бұл да жазаны өтеу шарттарын жеңілдету шарасы ретінде қарастырылған.
Тағы бір жаңа ұсыныс — осы санаттағы сотталғандар кездесуге өтініш беру немесе қалаға шығуға рұқсат сұрауды өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы жүзеге асыра алады. Жоба авторларының пікірінше, мұндай тәсіл сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба 2026 жылғы 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.