Қазақстанда Ядролық Энергетика Агенттігі құрылып, үш АЭС салынады

Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында елдегі энергетика саласының дамуы туралы маңызды мәлімдеме жасады.
Ол халықтың референдум арқылы алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу шешімін қолдауын ескеруді айтты.
Президент қазіргі энергетикалық қажеттілікті ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді даму перспективасын ескеру қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта Қазақстанда бір емес, үш атом электр станциясын салу ұсынылып отыр. Бұл қадам елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрақты экономикалық өсімнің негізін қалауға бағытталған.
«Біздің міндетіміз – жаңа энергетикалық саланы қалыптастыру. Бұл сала ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді. Сол себепті елімізде үш атом электр станциясын салып, толыққанды ядролық кластер құру қажет деп есептеймін», – деді Тоқаев.
Ядролық энергетика агенттігі құрылмақ
Президент бұл бастаманың маңыздылығын ескере отырып, Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Жаңа агенттік атом энергетикасын дамытуды ұйымдастырып, оның қауіпсіз және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етпек.
Сондай-ақ, Тоқаев елдегі газ және көмір генерациясын толық пайдалану, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін арттыру қажеттігін де атап өтті.
АЭС құрылысын кім жүзеге асырады?
Қазіргі таңда Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Энергетика министрлігі жобаны жүзеге асыру үшін қажетті шешімдерді осы жылы қабылдауды жоспарлап отыр.
Бүгінде АЭС құрылысына әлеуетті технологиялық серіктестер ретінде бірнеше шетелдік компания қарастырылуда. Олардың қатарында Оңтүстік Кореяның KHNP, Қытайдың CNNC, Францияның EDF және Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бар. Бұл компаниялардың қайсысы Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын жүргізетіні алдағы уақытта белгілі болады.