Қазақстанда зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктілік шек қайтадан көтеріледі
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алуға қойылатын жеткіліктілік шегі қайтадан өсірілмек.
Бұл туралы 26 наурыз күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, кейінгі бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан шамамен 5 триллион теңге алған. Оның ішінде айтарлықтай бөлігі жастардың үлесіне тиесілі.
«Санаттар бойынша қарасақ, шамамен 1 триллион теңгені 20 мен 35 жас аралығындағы жастар алған», — деді Ертаев.
Осыған байланысты министрлік жеткіліктілік шегін қайта есептеу үшін үкімет қаулысының жобасын әзірлеген. Жаңа формула бойынша шек былтырғыдан жоғары болады.
«Яғни өткен жылы шек шартты түрде 2 миллион теңге болса, биыл оған инфляция қосылып, тағы 2 пайыз үстеме қосылады», — деді министр.
Жеткіліктілік шегін кезекті көтеру сәуір айында іске қосылмақ. Нәтижесінде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешу мүмкіндігі тек жеткілікті қаражаты бар азаматтарға ғана қолжетімді болады. Олар бұл қаражатты емделуге немесе несие жабуға пайдалана алады.
Бұл – Қазақстанда жеткіліктілік шегінің алғаш рет көтерілуі емес. 2021 жылғы желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шек шамамен екі есеге өсетінін хабарлаған. Алайда қоғамдағы наразылықтан кейін бұрынғы шектер 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін сақталған. Қазіргі шектер 2022 жылдан бері қолданылып келеді.
Қазақстандықтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін шешуге 2021 жылдан бастап рұқсат берілген. Бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге (соның ішінде стоматологиялық қызметтерге) және бағалы қағаздарға инвестициялауға пайдалануға болады.
2025 жылдың қыркүйегінде Қаржы мониторингі агенттігі зейнетақы қорынан стоматологиялық қызметтерді сылтау етіп, негізсіз 200 млрд теңге шығарылғанын мәлімдеді. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тіс емдеуге арналған жаңа өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Ал биылдан бастап зейнетақы қаражатын емделуге жұмсауға уақытша тыйым салынды.
Бұл мүмкіндікті 2026 жылдың екінші жартысында қайта іске қосу жоспарланып отыр.