Қазақстанда жаңа казино ашу жоспарланып отыр
Қазақстанда бірқатар өңірлерде жаңа ойын аймақтарын (казино) ашу мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған Бурабай мен Қапшағай ойын аймақтарынан бөлек, туристік әлеуеті жоғары бірнеше өңірде казино салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, бұл қатарда:
-
Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауы,
-
Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Алакөл маңы,
-
Алматы облысының Талғар ауданы,
-
Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл өңірі мен Зайсан ауданы бар.
Дегенмен, нақты нысандардың қай аумақтарға салынатыны әзірге анықталған жоқ.
Таңдау жергілікті әкімдіктер құзырында
Министрдің түсіндіруінше, казино орналастырылатын нақты учаскелерді жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Бұл ретте инфрақұрылымның болуы, көлік қатынасының қолжетімділігі, туристік ағым мен өзге де әлеуметтік-экономикалық факторлар ескеріледі. Ал министрлік тек ойын аймақтарының шекарасын белгілеумен шектеледі.
Ербол Мырзабосынов ойын аймақтарын дамыту туризмді ынталандырудың бір тетігі ретінде ғана қарастырылып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен қолданылады және туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.
Министрліктің бағалауынша, әрбір жаңа казино жыл сайын бюджетке 2-3 млрд теңге көлемінде салық түсіруі мүмкін, шамамен 500 жаңа жұмыс орны ашылады.