Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді: не өзгереді?
Бүгін Қазақстанда жаңа Салық кодексі ресми түрде күшіне енді.
Құжат салық салу жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізіп, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуді, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға арналған цифрлық сервистерді кеңінен енгізуді көздейді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
Корпоративтік табыс салығы және ҚҚС
Жаңа кодекске сәйкес, корпоративтік табыс салығы (КТС) базалық деңгейде 20% болып сақталады. Алайда бірқатар салалар үшін сараланған мөлшерлеме енгізілді:
банктер мен ойын бизнесі үшін — 25%;
әлеуметтік сала ұйымдары үшін:
– 2026 жылы — 5%,
– 2027 жылы — 10%;
ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін — 3% (жеңілдік сақталады).
Сонымен қатар қосылған құн салығы (ҚҚС) 16%-ға дейін көтерілді.
Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған:
2026 жылы — 5%,
2027 жылы — 10%.
Ішкі туризм бойынша туроператорлар қызметі, отандық басылымдағы кітаптарды сату, баспа қызметтері және археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады.
Жеке табыс салығы – прогрессивті жүйе
Жеке тұлғалардың табыс салығы прогрессивті шкалаға көшті.
8 500 АЕК-тен (шамамен 34 млн теңге) асатын жылдық табысқа 15% мөлшерлеме қолданылады. Бұл жүйе дивидендтерге де қатысты. Сонымен қатар зейнетақы төлемдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады.
Қымбат тауарларға акциз енгізілді
Жаңа кодекс қымбат мүлік пен тауарларға 10% қосымша акциздік салық енгізуді көздейді:
құны 75 млн теңгеден жоғары жеңіл автокөліктер;
100 млн теңгеден жоғары кемелер;
литрі 500 мың теңгеден жоғары алкоголь өнімдері;
данасы 10 мың теңгеден жоғары темекі өнімдері.
Егер жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы да ұлғаяды.
Сервистік салық әкімшілендіру моделі
Жаңа Салық кодексінің басты жаңалығы — сервистік әкімшілендіру моделі. Мемлекет енді бизнеске жазалаушы орган емес, кеңесші әрі көмекші ретінде қарауды көздейді.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсіндірді. Оның айтуынша, декларацияларды алдын ала толтыру, логикалық бақылау, цифрлық кеңестер арқылы салық төлеушілердің қателік жібермеуіне жағдай жасалады.
ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу
ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу кезінде ұйым басшысы Digital ID (Face ID) арқылы аутентификациядан өтуге міндетті. Бұл жалған электронды шот-фактуралардың алдын алуға бағытталған.
Есептеу оңтайландырылады
Салық есептілігінің формалары:
2009 жылы — 70 форма,
қазір — 28 формаға дейін қысқартылды.
Егер мүлік және жер салығы бойынша міндеттеме 1 млн теңгеден аспаса, осы кезеңде есеп тапсырылмайды.
Көлік салығы бойынша декларациялар толығымен жойылды — есептеу полиция органдарының деректері негізінде жүргізіледі.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі — есепті уақтылы тапсырмағаны үшін айыппұлдардан бас тарту. Декларация тапсырылмаса, ол нөлдік көрсеткішпен тапсырылған деп есептеледі.
Мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі өзгереді
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шектері ұлғайтылды:
20 АЕК-ке дейін — тек хабарлама жіберіледі;
20–45 АЕК — төлем жасалмаса, есепшоттар бұғатталады;
45 АЕК-тен жоғары — мүлікті өндіру шаралары қолданылады.
27 000 АЕК-тен жоғары, үш ай өтелмеген берешек болса, заңды тұлға басшысына елден шығуға тыйым салынады. Бұл норма 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді.
Салықты бөліп төлеу мүмкіндігі
Берешегі 1 500 АЕК-ке дейін (шамамен 5,9 млн теңге) болған жағдайда, салықты бір жылға дейін бөліп төлеуге немесе мерзімін ұзартуға болады.
Тексерулер және «таза парақтан бастау»
Жоспарлы салық тексерістері толығымен жойылды.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, микро және шағын бизнес үшін 2026 жылдан бастап салық әкімшілендіру “таза парақтан” басталады.
Бұл:
2026 жылға дейінгі кезеңдерге тексерулердің тоқтатылуын;
айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіруді;
бизнес субъектілерін жабуды жеңілдетуді қамтиды.