Қазақстанда жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс берілмейді
Қазақстанда жаңа ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру тоқтатылады.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елде жекеменшік мектептерді электронды есепке алу жүйесі енгізіліп, негізгі үдерістер автоматтандырылған және бюджеттеу жүйесімен синхрондалған. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.
«Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру тек өңірде нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Басымдық мемлекеттік мектептердің жоқтығы, үш ауысымды оқытуды жою, сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салу мәселелеріне беріледі»,
- деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, жекеменшік инвесторларға арналған инвестициялық шығындарды өтеу тетігі сақталады, алайда бұл жағдайда мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге қатысты лицензиядан кейінгі бақылауды күшейтеді. Тексерулер:
-
білім сапасына,
-
педагог кадрлармен қамтылуына,
-
балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қамтиды.
Билік бұл қадамдарды білім беру саласындағы қаржының ашықтығын арттыру және аймақтардағы нақты қажеттіліктерге басымдық беру мақсатында қолға алып отыр.